Ақмола облысы Қараөткел ауылына газ келді
Фото: Ақмола облысы әкімдігі
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылының тұрғындары алғаш рет табиғи газға қол жеткізді, деп хабарлады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ақмола облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл – ауыл тұрғындары үшін жай ғана тұрмыстық қолайлылық емес, өмір сапасын арттыруға үлкен әсер ететін маңызды қадам. Жоба өңірлік әкімдік, QazaqGaz ҰК АҚ және оның еншілес ұйымы QazaqGaz Aimaq АҚ-ның үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Газдандыру елорда агломерациясын дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі ретінде жүргізілуде.

Компания мәліметінше, газ желілерінің құрылысы өткен жылы басталып, жоспардан бұрын аяқталған. Бастапқыда нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған еді. Алайда жеделдетілген жұмыс қарқыны мен жеткізуші газ құбырын уақытылы салу арқасында көгілдір отын биылғы желтоқсан айында-ақ ауылға жеткізілді.
Қараөткелдің табиғи газға қосылуы – бүкіл аудан үшін маңызды оқиға. Жоба аясында 63 шақырымдық тарату желілері салынып, 15 газ тарату пункті орнатылды. Бұл шамамен 5 мың тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов.
Ауыл ішіндегі әртүрлі қысымдағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 100 шақырымға жетті. Алғашқы үш іске қосу кешені 4 110 үйдің ішінен шамамен 2 460 үйді газбен қамтуға мүмкіндік береді. Заманауи газ тарату пункттері газдың тұрақты әрі қауіпсіз берілуін қамтамасыз етеді, бұл солтүстік климат жағдайында аса маңызды.
Біз жұмысты айтарлықтай жеделдеттік, соның арқасында Қараөткел тұрғындарын газбен жоспарланған мерзімнен ерте қамтуға қол жеткіздік. Газдандыру – бұл тек жайлылық емес, сонымен бірге тұрғындар үшін елеулі үнем. Дегенмен, қауіпсіздік мәселелері біз үшін әрқашан басты орында, - деді QazaqGaz Aimaq АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов.
Ауыл тұрғындары үшін бұл оқиға көптен күткен әрі тарихи сәт болды.
Бұрын қыста пешті тәулік бойы жағып отыруға тура келетін. Қазір өмір әлдеқайда жеңілдеді. Ауылымызға газ жеткізуге атсалысқандардың бәріне үлкен рақмет, - деді Қараөткел тұрғыны Рукия Ажарбайқызы.

Қараөткелді газдандыру – Ақмола облысының елді мекендерін табиғи газбен қамтуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Тек биылдың өзінде көгілдір отын Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин, Қоянды ауылдарына және Қосшы қаласына берілді. Осы жобалардың арқасында 42 мыңнан астам адам экологиялық әрі заманауи отынға қол жеткізді.
2026 жылы тағы жеті елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр. Ол жерлерде шамамен 114 мың адам тұрады. Сонымен қатар тағы сегіз ауылды газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Пікірлер (0)