Қазақстанда 193-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды
Фотосурет: ТЖМ
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары барысында Ақбел ауылында ерікті өртке қарсы құралымның ашылуына қатысты.
Жаңа нысан ауылдық елді мекендердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге бағытталған ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының бір бөлігі болды. Бағдарлама аясында ауылдық бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасы, жеке қорғаныс құралдарының жиынтығы, радиостанцияларды қоса алғанда заманауи байланыс құралдары, сондай-ақ өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі берілді.
Бұл жарақтандыру еріктілерге кәсіби бөлімшелер келгенге дейін өрттерді тиімді сөндіруге және халыққа жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов ауылдық өртке қарсы құралымдар желісін дамыту ТЖМ жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бағдарламаны іске асырудың арқасында шалғай елді мекендердің тұрғындары өз ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуде, ал төтенше жағдайларға ден қою уақыты едәуір қысқарып отыр.
Қарағанды облысында бағдарламаны дамыту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдан бастап 13 ерікті өрт сөндіру бекеті құрылды, оның ішінде реновация аясында жаңғыртылған төрт нысан бар. Ағымдағы жылы тағы 31 ерікті өртке қарсы құралым құру және жаңарту жоспарланған.
Жобаны іске асыру азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға және өңірдің ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етуде.
Пікірлер (0)