Ақмола облысында 528 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2024 жылғы қызметінің қорытындыларын жариялады. Департаменттің атқарған жұмыстары мемлекеттік қызмет жүйесінің сапасын арттыруға, қызметшілердің құқықтарын қорғауға және мемлекеттік қызметке жастарды тартуға бағытталған. Бұл туралы департамент басшысы Думан Әбілев брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Департаменттің жұмысы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және қоғамда оның адалдығын қалыптастыруға бағытталған. 2024 жылы қабылданған шаралар облыстағы мемлекеттік қызметті жаңғыртуға және ашықтықты арттыруға үлкен ықпал етті. Өткен жылы қызмет саласында 76 азаматтық өтініш қаралып, 63 тексеріс және 19 талдау жүргізілді. Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 528 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалып, 363 қызметшіге үстеме жұмысқа тартылғаны және демалыс күндерінде жұмыс істегені үшін демалыс күндері мен жұмыс уақытынан тыс мерзімдерде демалыс берілді.
Сондай-ақ департамент жұмысының маңызды бағытының бірі мемлекеттік қызметтегі әдеп мәселелерін қадағалау. Осы жөнніде кеңес 39 мәселені қарап, 6 тәртіптік іс бойынша 4 қызметшіге жаза қолданған. Оның ішінде 2 қызметші лауазымдарынан босатылды. Мысалы, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметтік автокөлікті мас күйде басқарғаны үшін лауазымынан босатылды.
«Әдеп бойынша атқарылған жұмыстар мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық деңгейін арттыруға, қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған. Әдеп кеңесінің шешімімен бірнеше лауазымды тұлға өз орындарынан босатылды. Бұл жағдай мемлекеттік қызметшілердің тәртібін қатаң бақылаудың маңыздылығын көрсетеді», – деп атап өтті спикер.
Ақмола облысында жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. 2024 жылы жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің 3 түлегі мемлекеттік қызметке қабылданды.
«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі арқылы біз білікті және жаңа көзқарасты қызметкерлерді даярлаймыз. Сонымен қатар, «Б» корпусының лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау мүмкіндіктері де жас мамандар үшін жақсы мүмкіндік болды, нәтижесінде 25 жас маман мемлекеттік қызметке тағайындалды», – деп толықтырды Думан Әбілев.
Сонымен қатар өткен жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері туралы» жарлыққа өзгерістер енгізді. Енді ротацияға аудан мен қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері басшылары да қосылды.
Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласында заң бұзушылық фактілері де тіркелді. Талдау қорытындысы бойынша мүгедектігі бар 6 қызметшінің құқықтарын бұзу фактілері анықталды. Медициналық қорытындыда белгіленген мүгедектіктің болуына қарамастан, аталған адамдар үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленбеген. Департаменттің араласуынан кейін қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 2 700 000 теңгеден астам сомаға сыйақыларды және 383 868 теңге мөлшерінде іссапар шығыстарын заңсыз төлеудің 16 дерегі анықталды. Департамент талаптары негізінде барлық қаражат бюджетке қайтарылды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау желісі бойынша 6 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 166 140 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, 60 мемлекеттік қызметші әртүрлі тәртіптік жауапқа тартылды.
«Департаменттің жұмысы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және қоғамда оның адалдығын қалыптастыруға бағытталған. 2024 жылы қабылданған шаралар облыстағы мемлекеттік қызметті жаңғыртуға және ашықтықты арттыруға үлкен ықпал етті», - деп түйіндеді спикер.
Пікірлер (0)