Ақмола облысында 6 мыңнан астам тұрғын тегін заң көмегін алды
Фото ашық дереккөзден
Ақмола облысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 6 мыңнан астам тұрғын мемлекет кепілдік берген заң көмегіне жүгінді. Өңірде заңнаманы жетілдіру, цифрлық сервистерді дамыту және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы Әділет департаментінің басшысы Раушан Досанова мәлімдеді,- деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Спикердің айтуынша, негізгі бағыттардың бірі – тұрғындарға білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бүгінде облыста 376 адвокат қызмет атқарады. Сонымен қатар адвокаттардың кәсіби қызметін қорғау шаралары да күшейтілуде. Жыл басынан бері адвокаттар мен заң консультанттарының заңды қызметіне кедергі келтірген бес лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға да ерекше көңіл бөлінуде. Тауар белгілерін заңсыз пайдаланғаны үшін төрт кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы енгізілуде. Бұл жүйе туындылардың пайдаланылуын ашық есепке алуға және авторлық сыйақыны әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Атқарушылық іс жүргізу саласында да маңызды өзгерістер енгізілмек. 25 тамыздан бастап сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға және азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған жаңа заңнамалық нормалар күшіне енеді. Атап айтқанда, әкімшілік айыппұлдар мен салық берешегін өндіріп алудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтіледі. Енді бұл тәртіп 40 АЕК-ке дейінгі талаптарға қолданылады.
«Бірінші жартыжылдықта жеңілдетілген тәртіппен 4 мыңнан астам атқарушылық іс аяқталды. Бұл азаматтарға жеке сот орындаушыларының қатысуына байланысты қосымша шығынсыз өз міндеттемелерін тезірек орындауға мүмкіндік береді», – деді Раушан Досанова.
Сондай-ақ 25 тамыздан бастап алименттер өндіріп алушының арнайы банк шотына ғана аударылатын болады. Бұл өзгеріс балаларды асырауға арналған қаражаттың мақсатты әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әділет органдарының қызметін цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Атқарушылық іс жүргізу толығымен электрондық форматқа көшірілді. Тұрғындар Adlet Gov мобильді қосымшасы арқылы атқарушылық іс материалдарымен танысып, сот актілерінің орындалу барысын бақылап, өтініштерін қашықтан жолдай алады.
Нотариат саласында да бірқатар өзгеріс енгізіледі. 8 қыркүйекте күшіне енетін заң нотариаттық рәсімдердің бір бөлігін электрондық форматқа көшіруді, нотариустардың жауапкершілігін күшейтуді және азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша кепілдіктер енгізуді көздейді.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 149 нотариус жұмыс істейді. Бірінші жартыжылдықта азаматтардың өтініштері бойынша әділет органдары алты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның екеуінің нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар аумақтық нотариаттық палатаға жолданды.
Сонымен қатар өңірде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. «Халық заңгері», «Ашық есік күні», «Әділет кеңес береді» акциялары ұйымдастырылып, ауылдық округтердегі құқық кабинеттері мен заң клиникалары жұмыс істейді.
Алты ай ішінде облыстың құқық кабинеттерінде 2 мыңнан астам тұрғын тегін құқықтық көмек алды. Сонымен қатар заң клиникалары тарапынан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған 19 іс-шара өткізілді.
Пікірлер (0)