Ақмола облысында ағаш отырғызу жұмысы қалай жүргізілуде?
Сурет: Ашық дереккөзден
Ел көлемінде жасылдандыру жұмысы белсенді. Соңғы жылдары Ақмола облысында дәл осындай көрініс жиілеп келеді. Өйткені өңірде жасыл желекті арттыру, орманды қалпына келтіру мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары кең құлаш жайды. Бұл тек табиғатты қорғау шарасы емес, болашақ ұрпаққа таза ауа, салқын сая, жасыл мұра қалдырудың жолы.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «2 млрд ағаш отырғызу» жобасы аясында Ақмола облысы көш басында тұр. 2021 жылдан бері өңірде 8,8 мың гектар жерге 57 миллионнан астам ағаш отырғызылды.
Ағаш отырғызу жұмыстарының табысты жүруінде жергілікті питомниктердің рөлі зор. Бүгінде облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде 175 гектар аумақта 13 питомник жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 10 млн-нан астам көшет пен 15 мыңнан аса көшет өсіріледі.
Зеренді ауданында жаңа 61 гектарлық тұрақты питомник салу ісі басталды. Жобаға 200 млн теңге бөлініп, электр желісі тартылып, аумақ қоршалуда. Бұл өңірдің жасыл қорының болашағына салынған маңызды инвестиция болмақ.
Ал жеке секторда 2023 жылы ашылған «Қазақстан Орманы» питомнигі назар аудартады. Аумағы – 485 гектар. Мұнда жыл сайын 70 млн көшет өсіру жоспарланған. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің айқын көрінісі.
Орман қоры ғана емес, елді мекендерді көгалдандыру да басты назарда. Соңғы төрт жылда облыс қалалары мен аудандарында 325 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
2025 жылға арналған жоспар – 165 мың ағаш. Оның 62 мыңға жуығы қазірдің өзінде егілді, қалғаны күзгі маусымда отырғызылады.
Бұл іске қолдау ретінде «Жасыл Аймақ» питомнигінен 155 мыңнан астам көшет тегін берілді. Олардың арасында алма, қарақат, ирга, черемуха бар. Көшеттер Степногорск, Жақсы, Целиноград, Бұланды және Астрахан аудандарына жеткізіліп, тұрғындардың қатысуымен отырғызылуда.
Ақмола облысы табиғаты әсем аймақ қана емес, орманды молайтуда үлгі көрсетіп отырған өңірге айналды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар экологияны жақсартумен қатар, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып келеді.
Ең бастысы – бұл іс тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қарапайым халықтың да қолдауымен жүзеге асып жатыр. Өйткені әр отырғызылған ағаш – болашаққа жасалған аманат.
Пікірлер (0)