Ақмола облысында мемлекеттік қаржының тиімді игерілуі қатаң бақылауда

Жаңалықтар
view 70
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2024 жылы мемлекеттік қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмау және мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі заң бұзушылықтарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Бұл туралы брифингте Ақмола облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының м.а. Шарап Сәдуақасов мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылы Департамент 84 аудиторлық іс-шара өткізіп, соның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 14,7 млрд теңгеге жуық заң бұзушылық анықталды. Олардың қатарында қаржылық, рәсімдік сипаттағы және мемлекеттік сатып алу заңнамасына қатысты бұзушылықтар бар. Аудиторлық тексерулер барысында бюджет қаражатының кейбір мердігерлер мен жеткізушілерге негізсіз аударылғаны анықталды. Сонымен қатар, бухгалтерлік есепті жүргізуде жіберілген қателіктер мен еңбекақы төлемдеріндегі сәйкессіздіктер де назарға алынды.
«Мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында Департамент 631 млрд теңге сомасындағы 30 350 мемлекеттік сатып алу келісімін бақылауға алып, олардың заңдылығы бойынша тиісті жұмыстар жүргізді», - деді спикер.
Аудит нәтижелері мемлекеттік сатып алу процестерінде жаңа технологияларды енгізу мен автоматтандырудың оң әсерін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы адал бәсекелестікті нығайтуға мүмкіндік беріп келеді.
Мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Жаңа заң сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге, құрылыс нарығын монополиясыздандыруға, сатып алу процестерін автоматтандыруға, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Шарап Сәдуақасовтың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік қаржының ашықтығын арттырып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді.
Мәселен, Зеренді ауылындағы спорт мектебінің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу 8 жұмыс күнінде жүзеге асырылып, жеңімпаз ретінде «УК Строй» ЖШС анықталды. Бұл мемлекеттік сатып алу процестерін оңтайландыру мен жылдамдатудың нақты мысалы болып табылады.
Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2024 жылы қаржылық тәртіпті күшейтуге және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарды. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің жетілдірілуі, заң бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жүргізілген шаралар өңірдегі қаржы тәртібін нығайтуға өз үлесін қосты.
«2025 жылы енгізілетін жаңа заңнамалық өзгерістер мемлекеттік қаржының ашықтығы мен тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Департамент алдағы уақытта да қаржылық тәртіпті нығайту мен мемлекеттік қаржы жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыра бермек», - деп түйіндеді Шарап Сәдуақасов.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *