Ақмола облысында салық рақымшылығын кім пайдалана алатынын айтып берді
Ресми дереккөз
2026 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды, ол 2 шілдеден бастап заңды күшіне енді. Бұл құжат мемлекеттік органдар, оның ішінде мемлекеттік кірістер органдары қарайтын істер бойынша бірқатар әкімшілік айыппұлдардан ауқымды түрде босатуды көздейді.
Рақымшылық тек қана жеке тұлғаларға — Қазақстан Республикасының азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге және жекепрактикамен айналысатын тұлғаларға қолданылады. Бұл ретте заңды тұлғалар, лауазымды тұлғалар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар рақымшылыққа ілікпейді.
Айыппұлды есептен шығару үшін үш шарт бір мезгілде сақталуы тиіс: қаулыны сот емес, мемлекеттік кірістер органы шығаруы керек; айыппұл 2026 жылғы 2 шілде жағдайы бойынша толық немесе ішінара төленбеген болуы тиіс; жасалған құқық бұзушылық заңда белгіленген ерекшеліктер тізбесіне кірмеуі тиіс. Ерекшеліктер мен шектеулерге салық салу объектілерін жасыруға, салық төлеуден жалтаруға, салық міндеттемелері мен мұнай өнімдерінің айналымын төмендетуге байланысты, ӘҚБтК-нің 275, 277, 278-баптарына және 281-бабының 7-бөлігіне жататын құқық бұзушылықтар кіреді.
Рақымшылық әсеріне салық органдарында тіркелуге, арнайы салық режимдерін қолдануға, салық есептілігін уақтылы тапсырмауға, бақылау-касса машиналарын пайдалануға байланысты жекелеген бұзушылықтар, сондай-ақ кеден заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың көп бөлігі ілігеді.
Айыппұлдардан босату толығымен автоматты режимде жүзеге асырылады, сонымен қатар барлық қолданыстағы атқарушылық өндірістер мен мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері тоқтатылады. Мемлекеттік кірістер органдарына тиісті қаулылардың орындалуын дербес тоқтату және рақымшылық рәсімін аяқтау үшін алты ай мерзім берілген, сондықтан азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік кірістер органдарына жеке бару қажеттілігі жоқ.
Пікірлер (0)