Алматыда студенттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты басталды
фото
4–9 тамыз аралығында Алматыда FIDE World University Team Chess Championship финалы өтуде. Жарысқа әлемнің 16 университетінің командалары, оның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард өкілдері қатысуда. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Almaty Management University командалары қорғайды.
Турнирдің Алматыда өтуі Қазақстанның әлемдік шахмат қозғалысындағы позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Жарыс университеттер арасындағы білім мен тәжірибе алмасуға, халықаралық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Шахмат Қазақстанда білім беру құралы ретінде де белсенді дамып келеді. 200-ден астам студент «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алса, 31 жоғары оқу орнында шахмат біліміне қатысты бағдарламалар іске асырылуда. QyzPU базасында KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасы ашылды.
Сонымен қатар 4–5 тамызда 8–18 жас аралығындағы Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасында матч өтеді. Жарыс ұлдар мен қыздар арасында рапид және блиц форматтарында ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры – 15 млн теңге.
Жарыстарды FIDE, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастыруда.
Пікірлер (0)