Күнбағыс алқабында суретке түсу үшін жол жиегіне тоқтау заң бұзушылық болып саналады

Жаңалықтар
view 25
news

Фото интернеттен

Астана – Щучинск тасжолы бойындағы жайқалған күнбағыс алқаптары көптеген жүргізушілердің назарын аударып келеді. Әдемі көріністі суретке түсіру үшін кейбір азаматтар жоғары жылдамдықпен жүретін автожолда көліктерін тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін бұзуда.

Ақмола облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны 2-взводының уақытша міндетін атқарушы, полиция капитаны Ербол Дүйсетайдың айтуынша, бұл жол учаскесі – көлік тоқтауға тыйым салынған жоғары жылдамдықты автобан. Мұнда «Тоқтауға тыйым салынады» жол белгісі орнатылған және тиісті жол таңбалары салынған.

Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер күнбағыс алқабының жанында суретке түсу мақсатында көліктерін рұқсат етілмеген жерге тоқтатуда. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қауіп төндіріп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін арттырады.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күнбағыс гүлдей бастаған уақыттан бері жол белгілерінің талаптарын елемеген 25-ке жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция қызметкерлері жоғары жылдамдықты автожолда көлікті тоқтату басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады. «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау – әрбір жүргізушінің ортақ міндеті. Осыған байланысты жүргізушілерден жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана тоқтауды сұрайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *