Ақмола облысында туберкулезге қарсы күрес шаралары күшейтілуде
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Әлин өңірдегі туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, облыста туберкулезбен сырқаттанушылық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға төмендеген. Атап айтқанда, биыл 111 жаңа жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 120 болған.
«Сонымен қатар, кейбір аудандарда аурушаңдықтың өсуі байқалады. Биылғы бес айда туберкулезден 4 адам қайтыс болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 5 жағдаймен салыстырғанда бір оқиғаға төмен. Ана өліміне қатысты бір жағдай тіркелді — бұл науқастың дертін жасыруы және денсаулығына жауапсыз қарауы салдарынан орын алған»,деді спикер.
Осы жылдың өзінде туберкулездің асқынған 4 жағдайы тіркеліп отыр. Ақкөл мен Сандықтау аудандарында бір-бір жағдайдан, Көкшетау қаласында екі жағдай. Асқыну себептері ретінде дәрігерлердің сақтығының төмендігі, пациенттердің немқұрайлылығы және уақтылы флюорографиялық тексеруден өтпеуі аталды.
«Балалар арасында бір жағдай Целиноград ауданында тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 жағдайға аз. Жасөспірімдер арасында бір ғана жағдай Көкшетау қаласында тіркеліп, көрсеткіш өзгеріссіз қалды», деп толықтырды Ғалымбек Әлин.
Облыс перзентханаларында дүниеге келген 3384 баланың 96,1%-ы БЦЖ екпесімен қамтылған. Егілмеген 131 баланың 73-і медициналық себеппен, 66-сы ата-анасының бас тартуымен байланысты.
Тәуекел топтарын флюорографиялық тексерумен қамту көрсеткіші 91,4% құрады. Ең төмен қамту Ерейментау , Жақсы , Қорғалжын , Целиноград , Шортанды аудандары мен Степногорск және Көкшетау қалаларында тіркелген.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №69 бұйрығына сәйкес туберкулез ошақтарында 50 тексеру жүргізіліп, олардың 8-інде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Бұл заңбұзушылықтар Ақкөл, Жақсы, Шортанды аудандарында және Көкшетау мен Степногорск қалаларында тіркелді» ,деп қорытындылады спикер.
Туберкулезбен күресте алдын алудың маңыздылығын ескере отырып, департамент медицина ұйымдарымен бірлесіп 400-ден астам ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді.
Пікірлер (0)