Ақмола облысында жаңа форматтағы 9 заманауи мектеп ашылды
Сурет: Ашық дереккөзден
2024–2025 оқу жылында Ақмола облысында білім беру саласында маңызды қадам жасалды — ұлттық жоба аясында «Келешек мектебі» форматындағы 9 жаңа білім ошағы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Жаңа мектептердің екеуі Көкшетау қаласында салынып, әрқайсысы 1500 оқушыға лайықталған. Қалған жеті мектеп Целиноград ауданында орналасып, 9000-нан астам оқушыны қамтып отыр. Бұл — өңірдегі орын тапшылығын шешудің нақты нәтижесі: Целиноград ауданында бұл көрсеткіш 8 есеге, ал облыс орталығы Көкшетауда 1,5 есеге дейін төмендеді.
Аталған білім ордалары заманауи талаптарға сай салынған, толық жабдықталған оқу кешендері. Олар ауылдық және қалалық мектептерге бірдей қойылатын жаңа стандарттарға сәйкес салынған. Оқу мекемелері озық техникамен жабдықталып, құрал-жабдық деңгейі бұрынғы көрсеткіштерден төрт есе жоғары. Ғимараттардың жалпы алаңы стандартты мектептерден 15–20 пайызға кеңірек, бұл балалар үшін барынша жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады.
«Келешек мектептерде» заманауи пән кабинеттері, STEM зертханалары, кең кітапханалар, асханалар мен бірнеше спорт және акт залдарымен қамтамасыз етілген. Мысалы, 2000 оқушыға арналған Қоянды ауылындағы мектепте төрт бірдей спорт залы жұмыс істеп тұр. Бір ауысыммен құрылған оқу жүйесі оқушыларға түстен кейін үйірмелер мен спорт секцияларына еркін қатысуға мүмкіндік береді.
«Келешек мектебі» жобасы — болашаққа бағытталған зор инвестиция. Бұл — сапалы білім мен жан-жақты дамуға жасалған нақты қадам. Жаңа мектептердің ашылуы Ақмола облысының өскелең ұрпағына қолайлы жағдай жасап, елдің адами капиталының дамуына өз үлесін қосуда.
Ақмола өңірі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуды табысты жалғастырып, тұрақты дамуға берік негіз қалыптастыруда.
Пікірлер (0)