130-дан астам әйел кәсіпкерлікке қадам басты
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстанның Батыс аймағындағы әртүрлі санаттағы әйелдерді қолдау мақсатында «Empowerment-2025» әлеуметтік жобасының екінші кезеңі басталды. Бұл туралы жобаның жетекшісі Жанар Ибрашева айтты, — деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Төрт күнге жоспарланған оқу бағдарламасына Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 130-ға жуық әйел қатысуда. Олар Soft дағдыларды дамыту, жасанды интеллект негіздері, мобилография, SMM, ұлттық киім тігу, тендерлік сауаттылық пен бухгалтерлік есеп сынды бағыттар бойынша білім алуда. Оларға кәсіби тренерлер дәріс оқып, оқу соңында арнайы сертификаттар табысталады.
Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылы өтіп, онда 120-дан астам әйел білім алды. Нәтижесінде 87 қатысушы жеке кәсібін бастап кетті. Жоба, әсіресе, көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған, жұмыссыз және жалғыз басты әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталған.
Солардың бірі – Ақтау қаласынан келген Жанна Нұрымова. Ол өткен жылы «Ұлттық киім тігу» бағыты бойынша оқып, бүгінде жеке брендімен танымал кәсіпкерге айналды.
– Өткен жылы ауылда бес баламды қалдырып, «Empowerment-2024» жобасына қатыстым. Білім алып, бірден іс бастауға шешім қабылдадым. Қазір Маңғыстау өңірінде танымал киім брендім бар. Киімдерімді сән көрсетілімдерінде ұсынып жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Бұл жоба Қазақстандағы жетекші энергетикалық компаниялардың бірі — «Шеврон» компаниясы мен “APEC” оқу орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушылардың пікірінше, әйелдерге осындай қолдау көрсету қоғамның тұрақты дамуына және елдің өркендеуіне үлес қосады.
–Былтыр пилоттық режимде басталған жоба қорытындысы сәтті болып, биыл серіктес компаниялардың шешімімен екінші маусымын өткізуді жөн көрдік. Қазақстанның Батыс аймағынан келген 130-дан әйелді әртүрлі бағыт бойынша дайындап, жаңа кәсіпті меңгертеміз деген ойдамыз. Осы курс үшін арнайы Алматы, Астана қалаларынан тәжірибелі, білікті тренерлерді шақырттық, — деді жоба жетекшісі Жанар Ибрашева.
Пікірлер (0)