Ақмола облысында заңсыз акцизделетін өнім айналымына бақылау күшейтілді

Жаңалықтар
view 49
news

Фотосурет: дереккөз

Ақмола облысында алкоголь өнімдерін заңды түрде өткізу тәртібін сақтау және акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Сонымен қатар мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге қатысты енгізілген уақытша шектеулердің сақталуы да қатаң бақылауға алынған.

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің акциздерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Ержан Шүлембеков брифингте мәлімдеді. Қазақстанда алкоголь өнімдерін көтерме немесе бөлшек саудада өткізу үшін міндетті түрде лицензия қажет.

Өтінім eGov порталы арқылы электронды түрде беріледі және бір жұмыс күні ішінде қаралады.

«Өтініш берер алдында барлық құжаттың толықтығы мен қызмет нысанының белгіленген талаптарға сәйкестігін мұқият тексеру қажет. Бұл лицензияны рәсімдеу барысында артық шығын мен уақыт жоғалтудың алдын алады», – деді Ержан Шүлембеков. 

Жыл басынан бері Ақмола облысында акцизделетін өнімдерге қатысты 90 нәтижелі салықтық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 2 679 литр алкоголь өнімі, 11 777 қорап темекі және 1 060,6 тонна мұнай өнімі тәркіленді. Лицензиясыз алкоголь өнімдерін өткізу немесе тауарға ілеспе құжатсыз тасымалдау заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Сондай-ақ заңсыз темекі өнімдерін сақтау мен сатқаны үшін де айыппұл салынып, өнім тәркіленеді.

«Заңсыз акцизделетін өнімдердің айналымымен күрес – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Сондықтан кәсіпкерлер мен тұрғындарды тек заңды өнімді сатып алып, өткізуге және қолданыстағы заң талаптарын сақтауға шақырамыз», – деп атап өтті бөлім басшысы. 

Сонымен қатар 2026 жылғы 21 қарашаға дейін Қазақстан аумағынан бензиннің, дизель отынының және жекелеген мұнай өнімдерінің сыртқа шығарылуына уақытша шектеу енгізілген.

Осыған байланысты Ақмола облысында мемлекеттік кірістер органдары құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп рейдтік және түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *