Ақмолалықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Сурет: Ашық дереккөзден
Бүгінде Ақмола облысы ауқымды экологиялық қозғалыстың қарқынымен өмір сүруде. Мыңдаған тұрғындар қолдарына күрек пен көшет алып, жақсы көңіл-күймен көшелер мен саябақтарға шықты, деп хабарлайды janabastau.kz.
Мақсат — қалалар мен ауылдарды таза, жасыл әрі жайлы ету.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облыстың барлық ауданын қамтыды. Әр аймақта бұл бастама өзінше өріс алып, ерекше реңкке ие болды.
Қосшы қаласында жұмыс ертемен басталды. Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, студенттер мен қарапайым тұрғындар сенбілікке белсене қатысты. Олар 250 жеміс бұтасы мен 150 қарағай мен қайың көшеттерін отырғызды. Қалаға балғын топырақ пен көк жапырақтың иісі тарап, косшылыктар өздерінің жасыл болашағын өз қолдарымен қалыптастырып жатты.
Зеренді ауданында да белсенділік жоғары болды. Қаладағы танымал шаңғы-роллер базасында 500-ге жуық адам жиналды. Жазда ролик теуіп, қыста шаңғы тебетін бұл жер сенбілік күні қоқыс жиналатын белсенді алаңға айналды. Бірнеше жүк көлігімен шамамен бір тонна қоқыс шығарылды. Аудан әкімінің орынбасары барлық қатысушыларға алғыс айтып, Зеренді ормандарының тазалығын сақтау — бұл өз туған жерін сүйетін әр азаматтың борышы екенін еске салды.
Көкшетау жағалауында жаңа ағаштар пайда болды. Көшет отырғызу шарасына танымал спортшы, ММА жұлдызы Шавкат Рахмонов та қатысты. Бұл оқиға қала тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды.
“Керемет ауа райы, тамаша атмосфера! Мұндай бастамалар тек экология үшін ғана емес, ортақ көңіл-күйіміз үшін де маңызды. Бүгін біз бірге қаламызды көркейтіп жатырмыз”, — деді Шавкат.
Көкшетауда сәуір айының өзінде 2000-ға жуық ағаш отырғызылды. Сонымен қатар қалада плоггинг — қоқыс жинаумен қатар жүретін экологиялық жүгіру кеңінен танымал бола бастады. Сенбілік күндеріндегі плоггерлік рейдтер белсенді тұрғындар үшін жаңа дәстүрге айналып келеді.
Аршалы ауданында да жұмыс қарқынды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов волонтерлер және депутаттармен бірге спорт-сауықтыру кешенінің маңында қылқан жапырақты ағаштар отырғызды.
“Экология — бұл бір реттік шара емес, бұл өмір салты. Ол кішкентай қадамнан басталады”, — деп атап өтті ол.
Жалпы, «Таза Қазақстан» аясында облыс бойынша 115 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Астрахан ауданы экологиялық акцияны Жеңістің 80 жылдығымен ұштастырды. 2500-ден астам адам сенбілікке шығып, 600 ағаш отырғызып, елді мекендердегі көшелер мен саябақтарды тазалады.
Ақмола облысында мұндай мысалдар өте көп. «Таза Қазақстан» қарапайым сенбілік шеңберінен шығып, табиғатқа жанашырлық, туған жерге махаббат пен таза әрі жасыл ортада өмір сүруге деген ұмтылысты біріктірген шынайы қозғалысқа айналды.
Пікірлер (0)