Ардагерлердің мерекелік ән шашуы

Жаңалықтар
view 153

Қосшы қаласы Ардагерлер кеңесі жанынан құралған «Замандас» ардагерлер хоры, «Есіл-Нұра» ардагерлер тобы және «Дара» бизнес мектебінің оқушылары бірлесіп «Ұрпақтар сабақтастығы» атты мерекелік концерт берді. Тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына ізгіліктің дәнін еккен ақ жаулықты аналар мен ақсақалды аталардың өнерін бүгінгі өскелең ұрпағының жалғастырып әкеткені қандай жарасымды көрінді! Сахна төріне көтерілген Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабділбар Абақов: «Дүниеде анадан құрметті, анадан сыйлы адам жоқ шығар, сірә! Бізді қолдаған әрбір жылы сөзі қанатымызды қатайтып, биікке жетеледі емес пе?! Әдемілік пен әділдік, пайым-парасаттылық, батылдық пен ержүректік қасиет те ананың ақ сүтімен бойымызға дарыды деп ойлаймын. Бүкіл адамзат баласы ананың алдында бас иеді. Сондықтан оның қадір-қасиеті жоғары. Бүгінгі концертімізді де сол асыл аналардың құрметіне арнап отырмыз. Әдемі әсер, тамаша көңіл-күй сыйлайды деп ойлаймын. Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты аналар, әдептен озбаған қыз-келіншектер, арулар!» деп мерекелік құттықтау тілегін арнады. Сахна шымылдығы Абайдың «Тоғжанға» арнаған күйінің күмбірімен ашылды. «ЕсілНұра» халық аспаптық ансаблі құйқылжытып орындаған саздың дауысы тым бөлек еді. Ұйып тыңдаған көрермен арасында тыныштық орнап, аспаптардың дауысы анық естілді. «Міне, нағыз өнер!» деп тамсанып жатты көбі. Қоңыр үні, әсем дауысымен белгілі Сәуле Мәзімқызы шырқаған «Жылқы ішінде бір ала» әніне көрермендер тарапынан қосыла кеткендер қарасы қалың болды. «Замандас» ардагерлер хоры мен «Есіл-Нұра» ансамбілі бірігіп орындаған «Керім-ау айдай» әні зал ішін әсем әуенмен тербеді. Жаңбыршы Қожағұловтың «Сары жез құмғанай» әніне, Амангелді Ыдырысов пен Өміртай Айтжанов «Сағым жылдар» әніне сүйсінбеген адам аз. «Дара» мектеп-лицейінің оқушыларынан құралған Кенжегүл Қаппарқызының жетекшілігіндегі оркестр орындауындағы «Алаш аманаты» күйі көрерменнің делебесін қоздырып, рухын жігерлендіргендей әсер қалдырды. Домбыраның күмбірлеген үні, жас өнерпаздардың көздеріндегі ұшқын, жарасымды бір түсті киімдері бір жерге тоғысып, үйлесім тапқандай. Жазира Күзекбайдың жетекшілігіндегі бишілер тобы орындаған «Батыр» биі, тіпті бөлек. Бір деммен, бірдей қозғалған бишілер көптің көзайымына айналды. Ал мектептің хоры мен Есет Алжан әуелеткен «Ана» әні жүректен жүрекке жеткендей. Саксафоншы жігіттер – Абылай Болатов пен Әділ Негмеджанов үйлестірген попурри елді елітіп, биге жетелейтіндей. «Тәрбиелі, тамаша, бал мінезді жар сұлу» деп Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнін орындаған Әбілқайыр Оразақұлы ностальгиялық әсер сыйлады. Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім менің» әнін шырқаған Таңат Ерубай «Қайран менің жүрегім, қыран құстай, қанат барда шыдайсың қайтып ұшпай» деп ой түбіне жетеледі. Ал Қадірхан Қизатұлы домбыраның шанағынан «Көркем жайыр» күйін төккенде, ұйып тыңдамаған жан аз шығар. Ризабек Кемеңгеровтің орындауындағы қазақ-орыс халық әуендерінің жинағы кештің көркін аша түскендей. Абайдың әні «Татьянаның хаты», Брусиловскийдің әні «Шолпан» сияқты мәні мен маңызы жоғары, тарихы терең әндер де шырқалды бұл кеште. Қадірхан Қизатұлы мен Ахметхан Алпысбаевтың авторлық «Қосшым менің – жыр әнім» әні концерттің әдемі нүктесін қоя білді.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *