Әсел Сағатованың көршісі бойжеткен қызын 16 рет пышақтап өлтірді

Жаңалықтар
view 227
news

Фотосурет: profile.ru

Алматы қаласының Талғар ауданынан тағы тыныштық кетті. Тұздыбастау ауылында ер адам өз қызын пышақтап өлтірді. Orda.kz тілшісі қайғылы оқиға болған отбасының туысына хабарласып, істің мән-жайын сұрастырып білген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қанды қылмыстың қалай болғанын Әсел Сағатова есімді келіншек айтып берген. 10 қарашада 18:00 шамасында ішімдікке сылқия тойған ер адам ас бөлмесіне кіріп, су ішпек болады. Сол жерде 15 жастағы қызы тамақ істеп жүрген. Сол сәтте екеуі сөзге келіспей қалады. Жанжал ер адам қызымен суға таласып қалған кезде басталады. Ашуға булыққан ер адам ас үйдегі пышақпен өз қызын 16 рет пышақтап, бетін тілгілеп тастаған. Қайғылы оқиға кезінде үйде ешкім болмаған. Өз әкесі пышақтаған жасөспірім көп қан жоғалтып, оқиға орнында көз жұмды. Ер адам мастығынан айыққанда туыстарына жасаған қылмысы туралы өзі хабар берген.

Әкесі менің қайын атама хабарласып, «Қызымды өлтіріп алдым. Мен де өлемін» деген. Ол кісі елде карантин болғалы бері жұмыссыз. Әйелі жұмыс істейді. Марқұм қыз үйдің ортаншысы. Бұл оқиға болған кезде анасы жұмыста, екі бауыры сабақта болған,  дейді Әсел Сағатова.

Марқұмның туысының айтуынша, ер адам мен қызы бұған дейін бір-біріне қырғиқабақ танытып жүрген. Әкесінің ішімдікке әуес болып, отбасының шырқын бұзып жүргеніне намыстанған қыз полиция шақыртып, әкесін бірнеше рет бұзақылығы үшін қаматқан. Әкесі сол үшін қызына тіс қайрап жүрген. Қылмыс болғаннан кейін ер адамның өзі полиция бөлімшесінде туысымен сөйлесіп отырып: «Алқаш деп айтты. Содан кейін не істегенімді білмей қалдым. Көзім байланып қалды», деген.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасында марқұмның анасы мен 2 бауыры қалды.

Сонымен қатар марқұмның туыстары журналистерден көз жұмған қыздың суреті мен аты-жөнін жарияламауды сұрады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *