Астана, Алматы және Шымкент қалаларына ірі көкөніс жеткізушілер бекітіледі

Жаңалықтар
view 237
news

Сурет: ғаламтордан

Маусым айының бірінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі 0,1%-ға төмендеді Өңірлердегі баға көрсеткіші  вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды,-деп хабарлайды Janabastau.kz.

Сауда комитетінің мәліметі бойынша, бір апта ішінде тауар мен көкөністің 10 түріне баға төмендеді: күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, сүзбе, 1 сұрыпты ұн, тауық жұмыртқасы, макарон өнімі, сәбіз, пияз және қырыққабат. Картоптың бағасы 4,4%-ға көтерілді. Бұл көкөніс түріне бағаның өсуі Астана, Алматы, Ұлытау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында тіркелді.

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков атап өткендей, егістіктен алынған жаңа өнімнің бағасы қазір тұрақсыз және күн сайын өзгеріп отырады. Дегенмен әкімдіктердің ерте шығатын өнімге форвардтық келісімшарттарды уақтылы жасасуы баға ауытқуларын реттей алады. 

Алматыда әлеуметтік өнімдерді жеткізу жағдайына ерекше назар аударылды. Бұл қала бүкіл ел бойынша азық-түлік инфляциясының индексін қалыптастыруға ең үлкен әсер ететін аймақтардың қатарында бірінші тұр. Одан кейін Астана мен Шымкент келеді. 

Алматының базарларын тұрақты бағадағы өніммен толтыру үшін көкөністерді тікелей жеткізушілер аздық етеді. Осыған байланысты Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына жақын маңдағы облыстардан көкөністерге кепілдік беретін жеткізушілерді республикалық маңызы бар үш қалаға бекіту міндетін қойды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үздіксіз жеткізу кепілдігін қамтамасыз етуі тиіс.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша ӘКК жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде қазақстандықтарды тұрақты бағадағы көкөніспен қамтамасыз ету үшін 2024 жылғы 1 тамызға дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен өнім сатып алуды қаржыландыру қажет.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *