Астанада LRT желісінің бір бекеті уақытша жабық тұр
Фото: © istockphoto.com
Елордада көптен күткен жеңіл рельсті көлік желісі ресми түрде ашылғанымен, жолаушылар үшін барлық аялдама бірдей қолжетімді емес болып шықты. Қазіргі уақытта «Жібек жолы» (№117) бекеті нысан айналасындағы жұмыстардың аяқталмауына байланысты уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«City Transportation Systems» компаниясының түсіндіруінше, станцияның ішкі дайындығы дайын болғанымен, оның сыртқы инфрақұрылымы әлі ретке келтіріліп жатыр. Қазіргі уақытта нысан маңында бірқатар абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, асфальт төсеу және жол жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, іргелес аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. CTS өкілдері бұл жұмыстар толық аяқталғаннан кейін «Жібек жолы» станциясы жолаушыларды қабылдай бастайды деп уәде етті.
Аталған станциядан басқа барлық аялдамалар штаттық режимде қызмет көрсетіп жатыр. Елорданың жаңа көлік желісі күн сайын таңғы 06:00-ден түнгі 23:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, Астанадағы LRT желісінің ресми ашылуы кеше, 16 мамырда өтті. Жаңа қоғамдық көліктің ең алғашқы жолаушысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Президентке сапар барысында «001» нөмірлі алғашқы LRT жол жүру картасы салтанатты түрде табыс етілген еді.
Пікірлер (0)