Астанада Нәзира Рахманқызының «Кино және уақыт» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді

Жаңалықтар
view 78
news

Фото: egemen.kz

5 желтоқсанда кинотанушы, өнертану кандидаты, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, кинотану саласы бойынша «Құлагер» ұлттық кинематографиялық жүлдесінің иегері Нәзира Мұқышеваның «КИНО ЖӘНЕ УАҚЫТ» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша 22 баспа табақпен (352 бет) «Алматы-Болашақ» баспасынан жарық көрді.

Кітаптың негізгі құрылымы үш бөлімнен тұрады. «Мақалалар, зерттеулер» деп аталатын бірінші бөлімге бүгінгі қазақ киносы мен көрермен, әдебиет пен кино байланысы, әлеуметтік желі мен фильмдер, ұлттық құндылықтар, киноархив, коммерциялық фильмдер, қысқаметрлі фильмдер, сценарий, тіл мәселелері, тарихи тұлғаларға арналған фильмдер туралы басқа да көптеген тақырыптарды арқау еткен мақалалар мен зерттеулер енді. Сондай-ақ, осы бөлімде қазақ деректі киносының алғашқы кезеңінен бастап, 2010 жылға дейінгі тарихы идеология, уақыт, қоғам тұрғысынан қарастырылған, бұрын еш жерде жарияланбаған «Қазақ деректі киносы: уақыт, қоғам, тұлға» деп аталатын көлемді зерттеу материалы ұсынылды.

Екінші бөлімге кітап авторының қазақ киносындағы әрқилы мәселелерге қатысты баспасөз беттеріне берген сұхбаттары енді.

Ал «Сұхбаттар» атты соңғы бөлімде автордың белгілі кинорежиссер, актер, педагог Болат Қалымбетовпен және белгілі жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалыммен жүргізген сұхбаттары ұсынылды.

Нәзира Рахманқызы (Мұқышева) – кинотанушы, киносыншы, кинотарихшы, өнертану кандидаты, ЖАК Қауымдастырылған профессоры, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Өнертану» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан кинематографистер Одағының мүшесі. «Құрмет» орденінің (2017), кинотану саласы бойынша «Құлагер» ұлттық кинематографиялық жүлдесінің (2018) иегері. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың Алғыс хатымен және «Барыс» төсбелгісімен (2021), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен (2021) марапатталған.

Күні бүгінге дейін Назира Рахманқызының бірнеше кітабы жарық көрді. 1998 жылы қазақ деректі киносының негізін қалап, дамуына орасан зор үлесін қосқан белгілі деректі кино режиссері Ораз Әбішевтің шығармашылығына арналған «Кинорежиссер Ораз Әбішев» атты монографиясы жарық көрді.

2004 жылы жарық көрген «История искусств Казахстана» атты екі томдық кітаптағы «Қазақ киносының тарихы» атты бөлімінің авторы болды. 2005 жылы жарық көрген «Қазақ киносының тарихы» атты қазақ киносының тарихындағы тұңғыш оқулықтың «Қазақстан деректі киносының тарихы» атты бөлімінің авторы болды.

2007 жылы «Ораз Әбішев» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Ораз Әбішевтің шығармашылығы жан-жақты зерттеліп, режиссердің замандастары мен шәкірттерінің естеліктері арқылы тек Ораз Әбішевтің ғана емес, сонымен бірге уақыт пен қоғамның бейнесі қалыптасады.

2017 жылы «Фолиант» баспасынан «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабы жарық көріп, кино мамандары мен өнерсүйер қалың оқырманның көзайымына айналды. 2018 жылы аталмыш баспадан шыққан «Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» монографиясы қазақ киносының көрнекті туындыларының бірі – белгілі жазушы, драматург, кинодраматург Әкім Таразидің сценарийі бойынша кинорежиссер Мәжит Бегалин түсірген «Тұлпардың ізі» фильміне арналды. Нәзира Рахманқызы бұл монографияда ең алдымен фильмнің әдеби сценарийіне аса назар аударады. Бұған қоса әдеби және режиссерлік сценарийлер, фильм бойынша «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық бөлімі мен Көркемдік кеңесінде өткен талқылау жұмыстары қарастырылды. Аталмыш монография бір фильмнің сценарийінен бастап, түсірілу тарихы зерттелген қазақ кинотану саласындағы әзірге жалғыз еңбек болып отыр. 

Кинотанушы кино өнеріне қатысты өтетін кинофестивальдер мен форумдардың, дөңгелек үстелдер мен конференциялардың, эксперттік комиссиялардың жұмысына белсенді араласады. Мысалы, 2021 жылдан бастап Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Эксперттік комиссия мүшесі ретінде киносценарийлердің іріктелуіне өз үлесін қосуда.

Нәзира Рахманқызы еліміздің кинопедагогика саласында қызмет етіп, оның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосып келеді. 2000-2011 жылдары Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында болашақ кино мамандарын тәрбиеледі, кинотану шеберханасының жетекшісі болды. 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ұстаздық жолын Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Өнертану» кафедрасында жалғастырды. Университет қабырғасында бүгінгі таңға дейін Нәзира Рахманқызының ғылыми жетекшілігімен 60-тан астам дипломдық жұмыс пен магистрлік диссертация қорғалды. Шәкірттері бүгінгі таңда кинопедагогика, ғылым, телевидение, радио, кинофестивальдер, кино өндірісі секілді тағы да басқа көптеген салада жемісті еңбек етіп жүр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *