Астанада студент жігіттің мәйіті табылды
Фото: instagram.com/_astana_volontery_lider.kz
Астанада із-түзсіз жоғалып кеткен студент Темірлан Темірхан өлі күйінде табылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі 31-телеарнаға сілтеме жасап.
Денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ
19 жастағы жас жігіт сабақтан шыққан соң үйіне оралмаған. Еріктілер мен полиция бозбаланы үш күн бойы іздеген. Іздеу нәтижесінде тәртіп сақшылары жігіттің денесін қала шетінен тапты.
Еріктілер мен әскери қызметшілердің қатысуымен жас жігіттің жүріп өткен бағыты бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілді.14 қараша күні жолдың жиегінде өсіп тұрған ағаштардың жанынан із-түзсіз кеткен жігіттің денесі табылды. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған жоқ, – деді Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова.
«Үлгілі студент»
Темірлан 1-курс студенті, шет тілі мамандығында оқыған. Оқытушылары оның ашық, тәртіпті, сабақтан қалмайтын үлгілі студент болғанын айтады. Психологтар да мінезінде күдік тудырған ешқандай белгілер байқалмаған деп отыр. 11 қараша күні ол институт ғимаратынан жалғыз өзі шығып кеткен.
Темірлан жатақханада тұрмаған, Талапкер ауылынан қатынап оқыған.
Осы 3 айдың ішінде бала өзін өте жақсы көрсетті. Сабақтан қалмайтын, оқытушылары барлығы бірауыздан баланың өте ашық, мінезінде ешқандай олқылықтар байқалмағанын айтып отыр, – деді А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Нұрбану Нығманова.
Пікірлер (0)