Астанада үш баланың анасы көзіне ота жасатамын деп қайтыс болды (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 86
news

Фотосурет: ашық дереккөзден

Астанада үш баланың анасы көзге жасалған отадан кейін қайтыс болды. Марқұмның жақындары оқиғаның мән-жайы толық ашылмай отыр деп есептеп, дәрігерлердің салғырттығы болуы мүмкін деген күдік білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 2025 жылдың 31 қазанында болған. Аида Оспанова елордадағы жеке көз клиникасында шамамен 30 минутқа жоспарланған отаға түскен. Алайда отаға бір сағат қалғанда дәрігерлер қосымша катаракта анықталғанын айтып, оны да алып тастау жөнінде шешім қабылдаған. Көп ұзамай, отбасы мүшелеріне қаралы хабар жеткен.

Марқұмның қызы Ақерке Әкімханованың айтуынша, отбасы сот-медициналық сараптама қорытындысымен толық келіспейді. Құжатта өлім себебі «жүректің жедел тамырлық жеткіліксіздігі» деп көрсетілген. Алайда туыстары әйелдің бұған дейін жүрек ауруына шағымданбағанын айтады. Сонымен қатар олардың қолында ота алдында тапсырылған таза медициналық талдаулар бар екені белгілі болды.

Отадан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Кейін ол басқа ауруханаға жеткізілгенмен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмаған.

Туыстары медициналық құжаттардағы уақыт айырмашылығына да назар аударып отыр. Бір құжатта биологиялық өлім уақыты 16:18 деп көрсетілсе, басқа мәліметтерде 16:48 және 17:11 уақыттары жазылған. Бұл сәйкессіздік отбасының күдігін күшейткен.

Ал жеке клиника өкілдері ота жоспарға сай өткенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, хирургиялық кезең асқынусыз аяқталған, алайда отадан кейін науқастың жағдайы нашарлаған. Клиника басшылығы барлық медициналық құжат құқық қорғау органдарына тапсырылғанын хабарлады.

Қазір нақты өлім себебі тергеу нәтижесінде анықталуға тиіс. Марқұмның туыстары істің әділ қаралып, шындықтың ашылғанын қалайды. Аиданың артында 3 бала, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін 3 жасар бүлдіршін қалған.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *