Атырауда әйелінің туыстарын өлтірді деп күдікке ілінген Сәрсемалиев қылмысты қалай жасағанын айтты

Жаңалықтар
view 127
news

Фото: Видеодан скрин

Атырау облысында әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды. Күдікті қылмысты қалай жасағанын баяндады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылындағы бүтін бір отбасын өлтірді деген күдікке ілінген 40 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевтің ісін қарауды бастады. Сұлтан Сәрсемалиев әйелінің әке-шешесін және екі бауырын өлтірді деп айыпталып отыр.

Алғашқы сот отырысының өзінде-ақ зал марқұмдардың туыстары, журналистер және тыңдаушыларға лық толды. Істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр. Ол Атырау облысы өңірінде ұзақ жылдар бойы ең күрделі әрі қоғам назарындағы қылмыстық істерді қараумен айналысып келеді.

Күзетші Сұлтан Сәрсемалиевті сот залына алып кірген кезде, журналистердің бірі оған “өз кінәңізді мойындайсыз ба және тағылған айыптармен келісесіз бе” деген сұрақ қойды. Алайда адвокаты Сұлтан Сәрсемалиевке өзінің жауап бермеуге құқылы екенін айтты.

Сәрсемалиев бұл сұраққа жауап бермеді. Сот процесі ашық режимде өтіп жатыр.

Сот отырысында прокурор Сұлтан Сәрсемалиевтің Ақбаян Мұқанғалиевамен қалай танысқанын айтып берді. Айыптау деректеріне сәйкес, олар 2016 жылы Атырау қаласында танысып, сол жылдың мамыр айында ресми түрде некесін тіркеген. Ерлі-зайыпты бес баланы дүниеге әкелген.

Кейін олардың арасында бірге тұруға қатысты келіспеушіліктер пайда болған. Әйелінің туыстары бөлек шығып, Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасына жақын жерге қоныстануды ұсынған. Алайда Сәрсемалиев бұған келіспей, анасын тастамайтынын айтқан.

Осыдан кейін ерлі-зайыптының қарым-қатынасы ушығып, 2022 жылы ерлі-зайыпты сот арқылы ресми түрде ажырасқан. Балалар анасында қалған. Ақбаян Мұқанғалиева үш баласымен Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданына көшіп барған.

2023 жылдың басында Сәрсемалиев отбасымен қарым-қатынасты қайта қалпына келтірмек болған. Ол Атырау қаласынан үй жалдап, бұрынғы жұбайы және балаларымен қайта бірге тұра бастаған.

Прокурордың айтуынша, күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін қораның ішінен тереңдігі шамамен 1 метр 30 сантиметр болатын шұңқыр қазып, онда мәйіттерді көміп, үстін линолеуммен жауып қойған. Осыдан кейін ол қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастырған.

“Қарабалин қораға кірген кезде, Сәрсемалиев оны іште күтіп тұрып, жәбірленушінің арқа, кеуде және қол тұстарына бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат салдарынан Қарабалин есін жимастан сол жерде көз жұмды", – деді прокурор сотта.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевті өлтіргеннен кейін айыпталушы қылмыс ізін жасыру үшін түнде үй ауласынан күрек алып, қоршаудың оңтүстік-батыс жағынан шұңқыр қазған. Түнгі сағат үш шамасында ол тереңдігі 1 метрден асатын, ені шамамен 80 сантиметр болатын шұңқыр қазған.

Содан кейін Сәрсемалиев марқұмның қалталарын тексеріп, жеке куәлік, "Қазпошта" банк картасы, шамамен 50 мың теңге тұратын Samsung A21 телефоны және 3 мың теңге қолма-қол ақша тапқан. Кейін ол мәйітті кілемге орап, алдын ала қазылған шұңқырға апарып көміп тастаған.

Прокурордың айтуынша, қылмыс жасау кезінде күдікті ет шабуға арналған пышақты пайдаланған. Тергеу деректеріне сәйкес, дәл осылай кейін Нәсіп Өтешқалиеваны да өлтірген.

Күдікті сотта әйелінің отбасы үнемі олардың отбасылық өміріне араласып, өзін тығырыққа тірегендіктен қылмысқа барғанын айтты.

"Мен соңына дейін отбасымды сақтап қалғым келді. Әйелімнің туыстарының әрекеттері мен сөздерінен кейін өзімді жоғалтып, осындай қадамға бардым", – деді ол.

Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиев алқабилер сотынан бас тартатынын айтты.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *