Атышулы «Айка тізімі»: Жеңгетайлықпен айналысқан блогер бостандыққа шықты
Фото: ашық дереккөз
2024 жылы 6,5 жылға сотталып, “элиталық эскорт” ісі бойынша “Айка” лақап атымен танымал Айғаным Мырзахметованың жазасын өтеуі екі жылға кейінге шегерілді. Енді ол пробациялық бақылауда болады, ал мерзім аяқталған соң жазасын одан әрі өтеу үшін колонияға қайта оралуы тиіс, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Айка тізімі»: эскорт қыздардың клиенттері жазалана ма
Оқиғаның мән-жайы
Абай облысының Жарма аудандық соты Айғаным Мырзахметова есімді сотталушының жазаны кейінге қалдыру туралы шағымын қарады. Шағым беру себебі – кішкентай баласының болуы.
2024 жылдың 21 мамырында сот Айканы 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған және оны қауіпсіздігі орташа колонияға жіберді. Заң бойынша тиісті бөлігін өтегеннен кейін ол қалған жазаны жеңіл түрге ауыстыру туралы өтініш берген, алайда 2025 жылдың 31 шілдесінде Жарма аудандық соты бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, яғни кішкентай баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін нормалар қабылданған соң, оның адвокаты аудандық сотқа қалған мерзімді кейінге шегеру туралы өтініш түсірді. Өтінішті қарау барысында оның қорғаушысы, №23 мекеме өкілі және прокурор бұл талапты қолдады.
Сот Айканың 2020 жылы туған баласы бар екенін, оның түрмедегі тәртібі жақсы екенін, жеңілдетілген тәртіпте жазасын өтеп отырғанын, бір ынталандыру мен бір тәртіптік жаза алғанын және атқарушылық іс жүргізу бойынша қарыздары жоқ екенін ескерді. Осылайша, сот оның үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Сот қаулысы
Қылмыстық кодекстің 74-бабы кішкентай балалары бар әйелдерге, егер олардың жасаған қылмыстары ерекшелік тізіміне кірмесе, жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Айғаным Мырзахметованың жасаған қылмысы аталған тізімге жатпайды.
Баланың мүддесін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін ескере отырып, сот жазаны орындауды кейінге шегеру қажет деген қорытындыға келді. Өтелмеген жазаны екі жылға кейін өтейді, – делінген сот жауабында.
Осы екі жылдың ішінде әйел тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады.
Бұған дейін, 2024 жылдың 21 мамырында Алматы қаласының Әуезов аудандық соты блогерді психотроптық затты аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлық фактілері бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айырған еді.
Еске салсақ, 2023 жылы желіде Алматыда элиталық эскорт қызметін көрсеткен қыздар мен олардың клиенттері туралы ақпарат бар тізім тараған болатын. Тізім «Айка» лақап атымен танымал блогердің телефон кітапшасы негізінде дайындалғаны хабарланды.
Пікірлер (0)