«Ауыл – Ел бесігі»: Ақмола облысында ауылдарды дамыту қарқынды жүріп жатыр
Сурет: Ашық дереккөзден
Ақмола облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. 2019 жылы Мемлекеттік өңірлерді дамыту бағдарламасының бір бөлігі ретінде басталған бұл бастама бүгінде жаңа форматта – 2027 жылға дейінгі ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы ретінде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды, Janabastau.k.
Жобаның негізгі мақсаты – болашағы бар ауылдарды басым бағыт ретінде дамытып, инфрақұрылымды жаңғырту және ауылдағы өмір сүру деңгейін өңірлік стандарттарға сай ету. Алты жыл ішінде облыста жалпы құны 59,6 миллиард теңгені құрайтын 387 жоба жүзеге асырылды. Соның аясында 57 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысаны салынды және қайта жөнделді. Сонымен қатар, 330 әлеуметтік нысан мен ауылішілік жолдар жаңартылды.
Аталған шаралар 142 ауылдық елді мекендегі 277 мыңнан астам тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға оң әсер етті. Сонымен қатар, 1,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгурмакованың айтуынша, «бұл жоба ауылды жүйелі түрде дамытуға серпін беріп, халық үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда және әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымның тұрақты дамуына жол ашып отыр».
Биыл да жұмыс жалғасуда. Бұрын жасалған келісімшарттар аясында тағы 37 жобаны аяқтау жоспарланған. Қаржыны тиімді игеру бағытында да жоспарлы жұмыс жүріп жатыр: ауылдық округтерде жоспарланған іс-шараларды іске асыруға 18 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды.
Ауылдық аумақтарды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – екі мемлекеттік бастаманы, яғни «Ауыл – Ел бесігі» мен «Ауыл аманаты» бағдарламаларын біріктіру. Бұл синергия ауыл кәсіпкерлігін қолдауды күшейтіп, нарық пен көлік-логистикалық инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейтеді, сондай-ақ жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Ауыл – мемлекет назарындағы басты басымдықтардың бірі. Ақмола облысы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, ауылдарды тартымды әрі жайлы ету жолында нық қадамдар жасап келеді.
Пікірлер (0)