Көкшетауда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында биыл 30 жоба жүзеге асырылады
Сурет: Ашық дереккөзден
Көкшетау қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде биыл 30 жоба іске аспақ. Бұл бастама тұрғындардың өз аумағын көркейтуге тікелей атсалысуына мүмкіндік береді. Жобаларға өтінім қабылдау қала әкімдігінің ресми сайты арқылы жүзеге асырылды. Қала тұрғындары аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды janabastau.kz.
2025 жылғы 20 қаңтар мен 1 наурыз аралығында барлығы 119 өтінім келіп түсті. Әр тұрғын тек бір жобаға ғана дауыс бере алды. Жоба қаралуы үшін кемінде 100 дауыс жинауы тиіс болатын.
Әкім кеңесшісі Махаббат Самраттың айтуынша, барлық ұсыныстар алдын ала белгіленген талаптарға сай болуы қажет еді.
“Сараптамалық кеңеске қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері кірді. Олар келіп түскен 119 өтінімді қарап шықты. Нәтижесінде 92-сі дауыс беруге жіберілді. Ал қалған 27 өтінім белгіленген критерийлерге сай болмаған немесе бос жер телімі болмағандықтан қабылданбады”, – деді ол.
Дауыс беру нәтижесінде 92 жобаның 71-і қажетті 100 дауыстан жоғары жинады. Алайда барлығы бірден жүзеге аспайды.
“Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына 550 миллион теңге бөлінді. Бұл қаланың жалпы бюджеттік шығындарының кемінде 10 пайызы. Қаржылық мүмкіндіктерге байланысты 71 жобаның ішінен 30-ы ғана іріктеліп, биыл жүзеге асады. Қалған жобалар 2026 жылы кезең-кезеңімен орындалады”, деп атап өтті Махаббат Самрат.
Айта кетейік, өткен жылы осы бағдарлама аясында Көкшетау қаласында 19 жоба жүзеге асқан. Соның ішінде 12 балалар ойын алаңы мен 7 спорттық алаң салынған.
Бағдарламаның басты мақсаты тұрғындардың өз өмір сүру ортасын жақсартуға белсенді қатысуына мүмкіндік беру және жергілікті билік пен халық арасындағы байланысты күшейту.
Пікірлер (0)