Ауылға барған ерлі-зайыпты дәрігерлерге 20 млн теңге жәрдемақы беріледі — Жетісу
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жетісу облысында ауылға жұмыс істеуге барған дәрігерлерге қандай жағдай жасалады? Бұл сауалға өңір әкімі Бейбіт Исабаев жауап берді.
— Кадр мәселесі тек біздің аймақта ғана емес, Қазақстанда тапшы. Оның екі себебі бар, барған кезде тұрғын үйі жоқ, екінші жәрдемақы берілмейді, берілсе аз. Ауылдағы дәрігерлердің жалақысы былтырға қарағанда өсті, бірақ жетіңкіремейді, сондықтан келмейтін. Біздің облыста 341 дәрігер тапшы болған, мәселені шешу үшін ауылдық жерге көшіп келген дәрігерге биыл 1 қаңтардан бастап бюджеттен 10 млн теңге көтерме ақша беріледі, егер де ерлі-зайыпты дәрігерлер көшіп келсек, 20 млн теңге жәрдемақы беріледі, — деді Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкім ұсынған мәліметке сүйенсек биыл Жетісу өңіріне 170 жас дәрігер маман жұмысқа келді.
— Былтыр біз 262 млн теңге бөліп, интернатурада оқып жатқан студенттердің оқуының ақшасын төлеп бердік. Олармен оқуын бітірген соң, біздің өңірге келесіз деген келісімге келдік. Келесі жылдың бюджетінде қалалық жерге келген дәрігерлерге 5 млн теңге, ауылға барған дәрігерлерге 10 млн теңге жәрдемақы беру қарастырылған. Менің ойымша, кадр тапшылығы бір-екі жылдың ішінде шешімін табады, — дейді ол.
Бұған дейін Жетісу облысында 2,6 трлн теңгеге 189 инвестициялық жоба қолға алынғаны айтылды.
Сондай-ақ Бейбіт Исабаев биыл 11 айда негізгі индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалғанын мәлімдеді.
Пікірлер (0)