Бестөбеде үлкен өзгеріс: балаларға – білім, ауылға – келбет
Фотосурет ашық дереккөзден
Ақмола облысында сапалы білім беруді қамтамасыз ету және бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы бір жылда өңірде балалар мен жастарға арналған әлеуметтік нысандар саны едәуір артты. Бұл үрдіске Степногорск қаласы да өз үлесін қосып отыр — мұнда заманауи мектептер мен спорт кешендерінің құрылысы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысты. Оның айтуынша, өңірлік саясаттың басты басымдығы — қала мен ауыл балаларының сапалы білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. «Астанадағы баланың қандай мүмкіндікке қолы жетсе, шалғай ауылдағы оқушы да сондай деңгейде білім алуы тиіс», – деді ол.
Мәселен, Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде 300 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасында оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт залы, оқу-өндірістік шеберханалар, кітапхана, көпфункциялы трансформер-класстар (қажет жағдайда акт залы ретінде қолдануға болады), 110 орындық асхана қарастырылған. Мектеп 1 қыркүйекте ашылып, Білім күнінде оқушылар жаңа партаға алғаш рет отырады деп жоспарланған. Осы сапар аясында облыс әкімі ауыл әкімдігіне оқушыларды олимпиада мен байқауларға тасымалдауға арналған шағын автобус тарту етті.
Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышевтің айтуынша, бүгінде нысанда ішкі әрлеу жұмыстары, технологиялық жабдықтарды орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы аумағы — 6,6 мың шаршы метрден асады.
Бестөбеде екі ірі спорт нысаны да іске асырылып жатыр. Оның бірі – 209 шаршы метрді қамтитын, 148 адамға арналған ашық спорт кешені. Жоба аясында футбол алаңы, жүгіру жолағы мен воркаут алаңы қарастырылған. «ГрадСтройСервис» ЖШС-ның мәліметінше, бұл нысан биылғы 1 қазанға дейін қолданысқа беріледі.
Ал екінші спорттық нысан бойынша облыс әкімі қатты сын айтты. Себебі құрылыс ұзаққа созылып кеткен.
«Біз бұл нысанға бірнеше мәрте келдік, мердігермен сөйлестік, жұмысты жеделдету қажеттігін айттық. Бірақ нәтиже жоқ. Қысқа мерзімде үлкен жобаларды іске асырып жатқанда, бұл жерде ешқандай алға жылжу байқалмайды. Егер көмектесу керек болса – техниканы, жұмыс күшін, қосымша мердігерлерді ұйымдастырамыз. Бірақ егер тағы да марғаулық танытатын болса, келісімшартты бұзып, компанияны адал емес мердігерлер тізіміне енгізуге мәжбүр боламыз. Әзірге мүмкіндік беріп отырмыз. Бірақ бұдан былай бақылау қатаң болады», – деп мәлімдеді Марат Ахметжанов.
Аймақ басшысы салаға жауапты басқарма жетекшілеріне бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, құрылыс уақытында, ешқандай қосымша түзетусіз және бекітілген бюджет шеңберінде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Пікірлер (0)