BI Group салықтан жалтарып жүр ме? Рахимбаев жауап берді

Жаңалықтар
view 151
news

Сурет: ErtenMedia

BI Group басшысы Айдын Рахимбаев компанияға қатысты салық талаптары төңірегіндегі жағдайға пікір білдіріп, мәселе негізінен арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін мердігерлерге байланысты екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Рахимбаевтың жауабы

«Бірнеше күннен бері BI төлемеді деген салық тақырыбы талқыланып жатыр. Даулы мәселелер көбіне біздің жеткізушілеріміздің қызметіне байланысты, қазір біз мемлекеттік органдармен оларды шешу жолында жұмыс істеп жатырмыз», — деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, жыл сайын салық тексерісін қосқанда, 20-25 тексерістен өтеді.

«Одан бөлек «Үлкен төрттікке» кіретін халықаралық компаниялардың аудитінен өтеміз және Fitch рейтингіміз де жоғары. BI Қазақстанның жеке компаниялары арасында ірі салық төлеушілердің үздік ондығына кіреді. Соңғы үш жылда біз шамамен 155 млрд теңге салық төледік, алдағы үш жылда бұл сома 250 миллиард теңгеге дейін өседі», — деді Рахимбаев.

Оның айтуынша, BI ұзақ перспективаға жұмыс істеуді көздейді.

«30 жылда біз көптеген белестен өттік, бірақ әркез сенім, абырой және қағидаларды бәрінен жоғары қойдық», — деді ол.

Бұған дейінгі жағдай: Бектеновтің ескертуі

Айта кетейік, жуырда премьер-министр Олжас Бектенов BI Group, BAZIS секілді компанияларға екі апта берді.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлер барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді.

Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі», — деді ол.

Олжас Бектенов кәсіпкерлерден екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және шынайы салық сомасын төлеуді сұрады.

«Егер бұл әрекеттер жасалмаса, мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурсты қолдану құқығын өзіне қалдырады. Мұның соңы қиын болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз», — деді Олжас Бектенов.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *