Биліктегі бір адамды ғана Нобель сыйлығына ұсынған 30 жыл артта қалды – Қазыбек Иса (ВИДЕО)
Фото: egemen.kz
Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса қазіргі қазақ әдебиеті мен руханиятындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қазақ әдебиетінің болашағына алаңдап, рухани үндестік танытуы — қазақ қоғамында мәдени саясаттың жаңа кезеңі басталғанының белгісі.
1.Мемлекет пен әдебиет диалогы
Әдебиет пен мемлекет арасындағы байланыс – рухани даму деңгейінің айғағы. Мемлекет әдебиетке назар аударса, қоғамның рухани иммунитеті күшейеді. 2025 жылы қаңтарда ҚР ПрезидентІ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіктің «Егемен Қазақстандағы» сұхбатына жоғары баға беріп, оның айтқан ойлары ұлт руханияты үшін аса маңызды екенін атап өтті. Президент: «Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын. Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамдық құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды.» - деп жазды.
Бұл сөздердің астарында қандай маңызды ұстанымдар бар? Мемлекеттің рухани саясатында әдебиеттің өзіндік орны бар екенін білдіру; Қаламгердің қоғам алдындағы миссиясына құрмет көрсету; Жас буынға әдебиет арқылы тәрбие берудің маңызын айқындау.
2.Мемлекет пен әдебиеттің өзара ықпалы
Мемлекет басшысының жазушыға жазған жеделхаты – мемлекет пен әдебиет арасындағы жаңа рухани стратегиялық серіктестіктің бастауы деп білеміз. Мұндай өзара құрмет пен үнқатысу – қазақ әдебиетінің дамуы мен ұлттық рухтың жаңғыруының кепілі. Мемлекет мәдениетке инвестиция жасап, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің беделі көтерілуі керек.
Мемлекет басшысының қазақ әдебиетінің болашағына алаңдап, рухани үндестік танытуы — қазақ қоғамында мәдени саясаттың жаңа кезеңі басталғанының белгісі. Үкімет бұл үнқатысуды жүйелі форматқа айналдырып, әдебиетті ұлттық сана мен рухты жаңартудың негізгі тетігі ретінде дамытуы қажет.
Мақсат – қазақ әдебиетінде жаңа заман кейіпкерін қалыптастыруды мемлекеттік рухани стратегиялық саясаттың басым бағытына айналдыру, үкімет пен әдебиет арасындағы мәдени үнқатысуды жүйелі диалогтық платформа ретінде бекіту.
Мұндай диалог: Әдебиетті ұлттық идеяны жүзеге асыру құралы ретінде тануға; Қоғамдық сананы қалыптастыруда жазушының рухани көшбасшылық рөлін мойындауға; Әдебиеттің мемлекеттік саясаттағы мәртебесін арттырып, «Рухани Тәуелсіздік» идеясының нақты іске асуына ықпал етуі тиіс.
3.Мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын - әдебиет.
Әдебиет – мемлекеттің мәдени және идеологиялық күші. Әдеби шығармалар халықты бір мақсатқа ұйыстырып, патриотизмді оятады. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы ұлттық бірегейлік пен рухты қалыптастырды. Қазіргі заманда саяси тұрақтылықтың өзі мәдени және рухани үйлесімге тәуелді. Мысалы, Еуропадағы Ағарту дәуірі (XVIII ғ.) әдебиет пен философияның өрлеуі арқылы ғылым мен саясаттың да өркендеуіне жол ашып, мемлекет дамыды. Әдебиет – мемлекеттің рухани коды, ғылымның идеялық тірегі және ұлттың мәңгілік жаны.
Әлемдік дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен мемлекет басшысы “әдеби дипломатия” арқылы көптеген мемлекеттердің өз ықпалын жүргізіп отырғанын жақсы біледі. (Мысалы, Франция – Гюго мен Камю арқылы, Жапония – Мураками арқылы). Әдебиет – ұлттық идеологияның жұмсақ күші деген осы. Халықтың елдік санасын және ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын - Әдебиет. Мемлекеттің дамуы да, ғылымның дамуы да ең алдымен әдебиеттен, яғни руханияттан басталады. Ғылым мен техника қанша өркендесе де, әдебиетсіз руханият негізі жоқ, қоғамның жаны болмайды, - деп жазды депутат.
Қазыбек Исаның айтуынша, кешегі билік басындағы бір адамды ғана Нобель сыйлығына ұсыну мақсаты дарынды жазушыларымызға тосқауыл болған отыз жыл артта қалды... Енді мемлекет басшысының өзі әдебиетке қолдау жасауда.
Алайда, қазіргі қоғамда заманауи кейіпкер бейнесі әдебиетте толық сомдалмаған. Әдебиет пен мемлекеттік идеология арасындағы өзара ықпал әлсіз, жас буынның әдебиетке қызығушылығы төмендеп жатыр. Сондықтан бұл бағытта жүйелі мәдени саясат пен рухани бағдар қажет.
Әлемдік әдеби бәсекеге қауқарлы ұлттық деңгейдегі проза мен поэзияны іріктеумен айналысатын білікті сарапшыларды қолдау керек. Бізде әдеби кәсіби сын әлсіз. Прозаның мазмұны, поэзияның осы замандық ағымдары өзгерді. Өкінішке орай үкіметтік құзырлы орындарда осы заманауи әдебиет пен мәдениеттің иісі мұрнына бармайтындар әдебиетті қолдауда немқұрайдылық пен шарасыздық танытуда.
Қазір қазақ әдебиетіндегі рухани дағдарыс байқалады. Көп шығармалар Өткен заманың сүрлеуінен шыға алмаушылық бар. Ал қазір елге болашаққа сенімді, жарқын жол көрсететін шынайы шығармалар керек. Әсіресе, жастарға ұлттық ұстаным мен жарқын технологиялық жаңа заманды ұштастыра білген ұлттық кейіпкерлер керек.
Қазақтың саңлақ жазушысы Саттар Ерубаевтың өткен ғасырдың отызыншы жылдары, зұлмат кезеңде жүріп, 20 жасында жазған “Менің құрдастарым” романындай өз замандастарын сомдаған, олардың жасампаздығын толғаған, ұлттық әдебиетте тұлғалық, рухани жаңару идеясын жырлаған кесек шығармалар керек.
«Ақ жол» фракциясы қазақ әдебиетінің даму қарқынын күшейтіп, қаламгерлерді рухани тереңдік пен кемелдікке бағыттау мақсатында Қазақ Әдебиет институтын ашуды ұсынады. Әдебиет институты АҚШ, Қытай, Германия, Үндістан және тб көптеген мемлекеттерде бар. Кезінде Кеңес одағының өзі Әдебиет институтын ашып, қаламгерлердің жаңа буынын дайындап шығарды, - деп жазды ол.
Пікірлер (0)