Біз бұл жаңа Конституцияны қабылдаған соң, «ескі Қазақстанмен» толық қош айтысамыз – Бапи
Фотосурет: parlam.kz
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи конституциялық реформалар мен алдағы референдум туралы ойын айтып, пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Бүгін мен Парламент мінберінде бір мандатты депутат қана емес, қазақ қоғамының белсенді азаматы, тәжірибелі журналист ретінде сөз сөйлеп, қоғам жұртшылығына үндеу жасағым келеді. Оның үстіне, жер шарының үлкен ауқымын соғыс өрті шарпып, бізге тақау Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдері соғыс аймағына айналған кезде, мен бұл сөзімді елдің ертеңі мен қауіпсіздігіне деген азаматтық жанашырлықпен және саясаткерлік жауапкершілікпен арнаймын. Біз қазір әлем елдері арасындағы қарым-қатынас тәртібі күрт өзгеріп, күрделі саяси тәуекелдер қарқын алған, экономикалық тұрақтылық теңселіске тап болған, алмағайып әрі өліара кезеңде тұрмыз. Бүкіл әлемнен тыныштық кетіп, дүние отқа оранып жатқанын көріп отырмыз», - дейді Бапи.
Оның айтуынша, қазіргі сәт – қателікті кешірмейтін, парасат пен пайымды шешімді қажет ететін кезең. Осындай аумалы-төкпелі уақытта Қазақстан өзі таңдаған жолынан таймай, ел қауіпсіздігі үшін батыл бастамаларға бет бұруға тиіс еді.
«Осы бағыттағы біз үшін ең маңызды бастама – жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституцияның жобасы. Алайда қоғам көптен күткен нақты саяси өзгерістер бастамасының маңызын түйсінбей, қиямпұрыс қылық танытып жүрген жекелеген азаматтар бар. Осы ретте бірден сұрайын, жаңа Конституцияның жобасын оңды-солды, ретті-ретсіз-төпеп сынаушылар ескі жүйенің «диірменіне су құйып» жүргендерін біле ме екен? Жалпы, елдің іші мен сыртындағы нақты реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылық бүгінгі жағдайда тап-таза популизмнің үлгісі болмақ. Иә, Ата заңның жобасындағы жекелеген баптарда сыртқы тәуекелдерді өз қолымызбен тудырмас үшін, сабырға дес берудің сақтық қажеттілігі жасалғанын жасыруға болмайды», - дейді депутат.
Оның пайымынша, бұл – жаһандық тұрақсыздық күшейген кезеңде мемлекеттің ішкі бірлігін, басқару тиімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шарасы.
«Дәл осы тұста қоғамда «Жаңа Конституция суперпрезиденттік жүйені қайтадан қалпына келтіреді» деген қаңқу сөздер тарап жүр. Жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғалар Сенаттың келісімімен тағайындалатын бұрыннан бар процесуалдық тәртіп ендігі кезекте бір палаталы Құрылтайдың құзіретіне ауысатыны Президенттің құзіретін күшейтеді деген пікір санаға сыймайды. Бұл – негізі жоқ жаңсақ пікір. Біз бұл жаңа Конституцияны қабылдаған соң, «ескі Қазақстанмен» толық қош айтысамыз! 2022 жылғы конституциялық реформалар кезінде біз суперпрезиденттік модельден бас тартып, бір рет сайланатын жеті жылдық классикалық президенттік жүйеге көштік. Мемлекеттік саяси қызметтегі туыстық ықпал мен мүдделер қақтығысы конституциялық негізде жойылды», - дейді ол.
Сондықтан, Бапидің айтуынша, «ескі жүйенің етжақын «өкілі билікке қайтып келеді» деген қауесеттің ешқандай негізі жоқ».
«Жаңа Конституция жекелеген тұлғалардың немесе белгілі бір топтардың ықпалын күшейтуге емес, керісінше, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және туыстық, жеке байланыстар арқылы саяси үстемдік орнату мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Бұл жаңа Конституцияның бұлжымас қағидаты, өзгермес нормасына айналды! Әлдебіреуге құрғақ фраза сияқты болып естілетін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы басшылыққа алынды. Бірақ бұл қағида бір демде жөңки жөнелмегенін тағы да жасыруға болмайды, «көш жүре түзеліп» келе жатыр. Мемлекет басқару жүйесінде тежеу мен тепе-теңдік принципін бекіткен нақты, стратегиялық бұл қадам қадау-қадау даму үстінде. Қазақстанның жаңа тарихында бұл даму жолы кейіннен тарихи шешім болды деп бағаланары кәдік», - дейді ол.
Сөзін қорыта келе Ермұрат Бапи регресске емес, жасампаз прогресске қызмет етуге шақырды.
Пікірлер (0)