Көкшетау мектептерінде EcoQolday бағдарламасы іске қосылды
Фото: дереккөз
Көкшетау қаласының мектептерінде қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар күшейтілуде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Білім беру ұйымдарында EcoQolday бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Жоба Қазақстан президентінің бастамасы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында, «Жасыл даму» АҚ қолдауымен жүзеге асуда.
EcoQolday – қайталама шикізатты жинау, тасымалдау және қайта өңдеу үдерістерін автоматтандыруға арналған цифрлық платформа мен мобильді қосымша. Бағдарлама қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және халық арасында сұрыптау мәдениетін дамытуға бағытталған.

Оқу кезеңінде Көкшетау мектептерінде оқушылар мен мұғалімдерге арналған дәрістер мен таныстырылымдар ұйымдастырылды. Онда тұрмыстық қатты қалдықтарды дұрыс сұрыптау, құрғақ және дымқыл фракцияларға бөлу, сондай-ақ оларды кәдеге жарату жолдары түсіндірілді.
Қаладағы Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінде бұл бағыттағы жұмыс жоғары деңгейде жолға қойылған. Мектепте пластик пен өзге де қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп, олар қайта өңдеуге жіберіледі.
Оқушылар экологиялық бастамаларға белсенді қатысып, алған білімдерін тәжірибеде қолданып жүр. Бағдарлама аясында сұрыпталған қалдықтарды шығару жүйесі де іске қосылған. Бұл қалдықтарды жинаудан бастап қайта өңдеуге дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді.

Осындай іс-шаралардың бірі Көкшетаудағы №20 мектепте де өтті. Кездесуде оқушылар жоғары белсенділік танытып, экологиялық сағаттар ұйымдастырды, презентациялар жасап, күнделікті өмірде қолданатын экологиялық дағдыларымен бөлісті.
Пікірлер (0)