Блогер Жанабыловтар сотталды
Фотосурет: әлеуметтік желіден
Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Астанада өткен сот отырысында блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкіміне сәйкес, Ерболат Жанабыловқа:
214-бап бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу, 218-бап бойынша – 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазаларды сіңіру жолымен түпкілікті жаза ретінде 2 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу белгіленді.
Сонымен қатар, ҚК-нің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес бұл жаза шартты деп танылып, Жанабыловқа пробациялық бақылау белгіленді. Сот Жанабыловқа бірқатар міндет жүктеді:
тұрғылықты жерін және жұмысын өзгертпеу, түнгі уақытта үйден шықпау, психоактивті заттарды қолданбау, сондай-ақ тұрақты жұмысы болмаған жағдайда жұмыспен қамту органына тіркелу. Оның мінез-құлқына бақылау пробация қызметіне жүктелді.
Сонымен қатар, сотталушы үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 тәулік ішінде пробация қызметіне тіркелуі тиіс.
Сот қаулысымен Жанабыловқа қатысты бұлтартпау шарасы – үйқамақ – өзгертіліп, үкім күшіне енген соң жойылады. Оның 2024 жылғы 2 ақпан мен 27 сәуір аралығында үйқамақта болған уақыты жаза мерзіміне есептелді (2 күн = 1 күн).
Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты сот: 214-бап бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу, 218-бап бойынша – 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазаларды сіңіру арқылы түпкілікті 2 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу белгіленді.
Сот шешімімен Төлегенова жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуі тиіс.
Алайда ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, оның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 2028 жылғы 27 сәуірге дейін кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Пікірлер (0)