Жас робототехник Тұрман Аманжол халықаралық додада топ жарды
Фотосурет tamos_education
5 «Е» сынып оқушысы Тұрман Аманжол 2026 жылғы наурыз айында Сингапурда өткен FIRST LEGO League Singapore халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, жүлделі 2-орынды иеленіп, жарыс кубогының иегері атанды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Аталған халықаралық дода әлемнің әр түкпірінен келген дарынды оқушылардың басын қосып, олардың инженерлік ойлау қабілеті мен шығармашылық әлеуетін сынайтын маңызды алаң саналады. Осындай бәсекесі жоғары жарыста Аманжолдың топ жарып, жүлделі орынға ие болуы – оның тың ізденісі мен жүйелі дайындығының нақты нәтижесі.
Бұған дейін ол Central Asia FIRST Championship 2026 Азия чемпионатында 3-орын алып, өз командасына Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында ағымдағы жылдың тамыз айында өтетін FLL China Champion 2026 халықаралық турниріне қатысуға жолдама жеңіп берген болатын. Аталған беделді додада Аманжол тағы да Қазақстан құрамасының намысын қорғап, ел мерейін үстем етуге ниетті.
Жас өнертапқыштың робототехникаға деген қызығушылығы ерте жастан қалыптасқан. Ол түрлі жобалар арқылы техникалық білімін жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтап келеді. Мұндай жетістіктер – еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына қосылған елеулі үлес екені сөзсіз.
Сондай-ақ, өткен жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен XCEL жеке жарыстарында Pobotixcel бағыты бойынша 1-орын иеленіп, халықаралық деңгейде өз шеберлігін дәлелдеген болатын. Бұл жеңіс оның жеке қабілетінің жоғары екенін ғана емес, сонымен қатар қазақстандық жас буынның бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді.
Айта кету керек, мұндай халықаралық жарыстарға қатысу жасөспірімдердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, оларды жаңа технологияларды игеруге, ғылыми ізденіске бет бұруға жетелейді. Тұрман Аманжолдың жетістігі – өз қатарластарына үлгі боларлық нәтиже.
Пікірлер (0)