Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов конституциялық реформаларды қолдайтынын мәлімдеді
Фотосурет: дереккөз
Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов елімізде өтіп жатқан Конституциялық реформа жобасы бойынша кең көлемді қоғамдық талқылауға байланысты өз пікірін білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістердің маңызын атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, 2022 жылы басталған «Әділетті Қазақстан» бағыты — ел болашағын нығайтуға арналған жүйелі қадам, ал қазіргі реформалар сол жолдың жалғасы болып табылады.
«Қазақстан азаматы әрі қоғам белсендісі ретінде мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бастамаларды қолдаймын. Бұл — терең әрі жан-жақты ойластырылған өзгерістер кезеңі. Негізгі мақсат — халықтың мүддесін білдіретін институттардың ықпалын күшейту және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыру», — деді Ермахан Ибраимов.
Спорт саласының өкілі ретінде ол үлкен жетістікке жету үшін тәртіп, жауапкершілік пен бірлік қажет екенін атап өтті.
Оның сөзінше, бұл қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесінде де басты рөл атқаруы тиіс.
Сондай-ақ ол президент бастамалары аясында бұқаралық спортты дамыту, жас дарындарды қолдау және салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.
«Қоғамдық талқылау — реформалардың тиімді жүзеге асуының негізгі тетігі. Әр азаматтың пікірі ескеріліп, ашық диалог орнағанда ғана нақты нәтиже болады», — деді Олимпиада чемпионы.
Ермахан Ибраимов бұл өзгерістер елдің тұрақтылығын нығайтып, тәуелсіздікті бекемдей түсетініне және келер ұрпаққа жарқын болашақ қалыптастыратынына сенім білдірді.
Пікірлер (0)