Түркістан облысында 49 мектептің қаржысын жымқырғандарға сот үкімі шықты
Фотосурет: видеодан скриншот
Түркістан облысының Байдібек ауданында бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Іс материалдарына сәйкес, білім бөлімінің басшылары, бухгалтерлері және экономистерін қоса алғанда 18 лауазымды тұлға 49 жалпы білім беретін мектептің қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған.
Олар жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайтып отырған. Тергеу барысында бухгалтерия қызметкерлерінің электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізгені анықталды. Төлем ведомостары мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар қосылған немесе қызметкерлердің жалақысы мен үстемеақылары негізсіз арттырылған.
Заңсыз операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары және жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделген немесе есептілікті сәйкестендіру мақсатында түзетілген.
Қаражат жалған тұлғалардың, соның ішінде күдіктілердің туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша бөлінген. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асқан.
Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеген. Сот үкімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді.
Пікірлер (0)