Бостандық ауданында аула аумақтарын жаңғыртудың жаңа стандарты ескеріліп, жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды

Жаңалықтар
view 34
news

Сурет: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы бір қоғамдық кеңістік ретке келтірілді. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды.

 Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапарында Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында жаяу жүргіншілер аймағын көрді.

Орбита-4 шағын ауданындағы 6 және 7 үйлердің арасындағы аумақтағы көріктендіру жұмыстары биыл шілде айында басталып, осы айда аяқталды.

Жаяу жүргіншілер аймағының бойына шахмат үстелі, спорт тренажерлері мен воркаут аймақтары орнатылды. Бүлдіршіндер үшін балалар ойын алаңы жабдықталды. Аумақты көріктендіру, ойын алаңдарын, спорттық құралдарды және демалыс орындарын көбейту тұрғындардың күнделікті өмірін сан алуан әрі қызықты ете түсті.

Жоба аясында 1 817 шаршы метр кеспе тас, 1 704 шаршы метр асфальт жабындысы, 840 шаршы метр резеңке жабынды төселіп, 175 метрлік габион құрылысы салынды және 42 көше шамы орнатылды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы бізге ойымызды ұсынып, жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жаңарту нәтижесінде үйлеріміздің айналасы айтарлықтай өзгеріп, жайлы әрі ыңғайлы орынға айналды», – деді аудан тұрғыны әкімге алғысын білдіріп.

Өз кезегінде Ерболат Досаев шаһар тұрғындары үшін жайлы қалалық ортаны дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

«Жоба аулалық кеңістіктерді жаңғыртуға арналған жаңа стандарттарды ескере отырып жүзеге асырылды. Қаланың жоспары аясында ересектер мен балаларға арналған жеке аймақтары бар аумақтарды қайта құру жұмыстары қарастырылған», – деді қала әкімі тұрғындармен кездесу кезінде.

Аудан тұрғындарының өтінішімен Ерболат Досаев жаяу жүргіншілер аймағы бойына бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды.

Сондай-ақ аудан әкіміне аула аумақтарын тазалау жұмыстарын мердігер ұйым тарапынан жүйелі және толық қамтамасыз ету тапсырылды.

Айта кетейік, мегаполисте «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Биыл бұл жобаға 18,8 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 миллиард теңгеге көп. Алматы тұрғындары аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді көріктендіру, спорт және ойын алаңдарын құру бойынша 364 жобаны ұсынуға және жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *