«Денесі ісіп, иістеніп кеткен»: Шу ауруханасында шақалағынан айырылып, сүйегі жертөледен табылған келіншектің өлімі туралы тың ақпарат

Жаңалықтар
view 1610
news

Сурет: Azattyq Rýhy

Жамбыл облысының Шу қалалық ауруханасында адам сенгісіз оқиға орын алған болатын. Перзентханаға өз аяғымен барған 26 жастағы Әдемі Ешенәлиева сәбиімен қоса жұмбақ жағдайда көз жұмған.

Әдемінің туған әпкесі Алтынай Ешенәлиева сіңілісі ауруханаға түскен кезден бастап әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Яғни, Алтынайдың алғашқы жазбасы сіңілісі ауыр хәлде жатқанда пайда болған, деп хабарлайды  janabastau.kz Alash.kz-ке сілтеме жасап.

«Ауырып тұрмын деген келіншекке уақытылы қарамай, мән бермеген. Әжетханаға шыққан келіншек құлап, сол жерде 2,5 сағат жатып қалған. Сол немқұрайлықтың кесірінен іштегі сәбиден айрылып қалдық. Келіншек өзі ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігер Алена Юровна науқастың медициналық картасын дұрыс қарамай, ЭКО-мен сәби көтергенін байқамаған. Қан қысымы көтеріліп тұрған кезде көмек көрсетпеген. Содан кейін келіншек құлап комаға түсті», - дейді ол.

Ал осы кезде Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасы науқас жүктіліктің асқынуы себебінен, преэклампсия ауыр дәрежесінен есін жоғалтып, жансақтау бөлімшесінде емделіп жатқанын жазған.

«Пациентті тәулік бойы реаниматологтар, гинекологтар, санавиция желісі мен телемедицина бойынша облыстық, республикалық мамандар бақылап отыр.  Диагностика мен емдеу хаттамасыны сәйкес ем алуда», - деп жазылған еді аурухананың ақпаратында. 

Кейін Әдемі Ешенәлиеваның абысыны мен енесі, туыстары сәбидің қайтыс болғанын айтып, Әдемінің өмірін аман сақтап қалуға әрекет жасап, кінәлі адамдардың жазалануын талап етіп видеоүндеу де түсірген.

AMP

«Әдемі - менің абысыным. Ол 5 наурызда анализдері дұрыс болмай, осы ауруханаға түсті. Ол осы жерде екі күн басы ауырып жатады. Бірақ дәрігерлер ешбір әрекет етпеген. Біз енем екеуміз 10 наурызда ауруханаға келіп, Әдеміні Таразға жіберуін сұрадық. Дәрігерлер болса, әйелді өзіміз қараймыз деді. Бірақ бізге Әдеміні «ем алып жатыр» деп көрсетпей қояды», - дейді Әдемінің абысыны.

Осылайша, туыстарына келіншектің өзін 4-5 күн көрсетпеген аурухана кейін оның қайтыс болғанын естірткен. Әдемі Ешенәлиеваның қайын інісі ағасымен бірге жеңгесінің денесін мәйітханадан іздеп таба алмағанын айтады.

«Денесі мәйітханада деген соң, ол жаққа бардық. Ол жерден таба алмадық. «Денесі ауруханада, дәрігер келген соң береміз» деді. Ауруханадан да іздеп таппадық. Сосын ағам екеуміз жертөлеге қарай түстік. Есіктен сығалап қарасақ, адам мен балалардың арбасы тұр. Есік құлыптаулы, біз есікті ашып кірдік. Жердегі адамның бетін ашсақ, жеңгемнің мәйіті жатыр...Содан кейін мәйітті Тараз қаласына сараптама жасауға алып кетті. Жеңгемнің денесі ісіп, 4-5 күн тұрып қалғандай иістеніп кеткен», - дейді ол.

AMP

Бірақ, аудандық аурухана туыстарының бұл сөзін жоққа шығарып, ақпарат жалған екенін жазған. 

«22 наурыз күні Шу аудандық ауруханасында жүкті әйел жүрек-қан тамырының ауруынан қайтыс болды. Дәрігерлер жедел түрде реанимациялық шаралар жүргізгенімен, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл оқиғаға байланысты Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы жұмыс тобын құрды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аурухана өкілдері марқұмның туыстары таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оқиғаның нақты мән-жайы тексерістен кейін белгілі болады. Сараптама нәтижелері жақын арада жарияланады», - деп жазыдған аурухананың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында. 

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі  - аталған оқиғаға қатысты қылмыстық із қозғалған. Облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ал, келіншектің мәйіті нақты қай жерден табылған деген Azattyq Rýhy тілшілерінің сұрағымызға баспасөз қызметі «басқа ақпарат жоқ» деп жауап берді. 

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Комиссиялық сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне Шу қалалық ауруханасының қызметкерлеріне қатысты қызметтен тыс тексеру жүргізу туралы сұраныс жолданды», - деп хабарлады полиция департаменті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *