Дені сау жастар – мықты ұлттың кепілі

Жаңалықтар
view 169
news

Сурет: Ашық дереккөзден

  Дене тәрбиесі мен спорт – ұлт денсаулығының тірегі. Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі және кешенді түрде жүргізіліп келеді. Негізгі бағдар ретінде Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы, 2023–2029 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы мен облыстың 2021–2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы алынған.

Бүгінде облыстың 330 мың тұрғыны, яғни халықтың 41,8 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш жоспарланған межеден жоғары. Бұл бағыттағы жұмысты 285 спорт нұсқаушысы атқарады, оның ішінде 204-і ауылдық жерлерде еңбек етуде. Жыл өткен сайын спортқа қызығушылық артып келеді. Бұған спорт инфрақұрылымының кеңейіп, тұрғындарға қолжетімді бола түсуі үлкен әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда облыста 1124 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 734-і спорт залдары. 2024 жылы Есіл, Қосшы және Степногорск қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сондай-ақ Бурабай және Целиноград аудандарындағы ауылдарда спорт кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар Көкшетау қаласы мен бірнеше аудандарда 16 спорт алаңы салынды.

Қазіргі уақытта тағы 6 дене шынықтыру кешені, Бестөбе ауылында стадион, Щучинск қаласында спорт сарайы, Көкшетауда көпфункциялы спорт кешені және Зеренді ауылында спорт мектебі салынып жатыр. 2025 жылдың мамырында Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ.

Спортпен айналысушылар қатарында ерекше қажеттіліктері бар жандар да бар. Облыста бұл санаттағы 2540 адам дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Бұл – осындай мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы санының 18 пайызын құрайды. Олар үшін «Мерген» спорт клубы қызмет етеді, мұнда спорттың 11 түрі қамтылған.

Облыста ұлттық спорт түрлері де кеңінен дамуда. Бүгінгі таңда 11 ұлттық спорт түрімен 30 мыңнан астам адам шұғылданады, олардың басым бөлігі –ауыл тұрғындары. Облыста Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебі жұмыс істейді. Ұлттық Құрылтайдың өткізілуі бұл салаға тың серпін берді.

Спорттық резервті даярлау ісімен 35 спорт ұйымы айналысады. Бұл ұйымдарда 20 мыңнан астам бала мен жасөспірімдер жаттығады. Оларға 554 жаттықтырушы тәлімгерлік етеді. Облыстың 560 спортшысы Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғап жүр. Олардың арасында тек спорттық дайындық емес, сонымен қатар моральдық және этикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысы да тұрақты түрде жүргізіледі.

 

2024 жылы облыста 2096 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 147 мыңға жуық адам қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 іс-шараға көп. Бұл көрсеткіш облыс халқының спортқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында да бірқатар ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2025 жылы осы бағдарлама арқылы 10 500 бала түрлі спорт үйірмелеріне тегін қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінді, 21 спорт түрі бойынша өтінімдер мақұлданды.

Халықты салауатты өмір салтына баулу, спортқа тарту жұмыстары тұрақты бақылауда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

 

Досулан Айтбаев,

Ақмола облысы әкімінің орынбасары

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *