Депутаттар әйелдерге жеңілдетілген жұмыс аптасын талап етіп жатыр
Фото: Мәжіліс
Депутаттар Мәжілісте балаларға, науқас немесе қарт туыстарына күтім жасайтын әйелдердің жүктемесін жеңілдету мәселесін көтеріп, Премьер-министрге тиісті ұсыныстарын жолдады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Бұл – заңда ескерілмеген»
Олар жұмыс кестесін қайта қарауды сұрап отыр.
Мәселен, депутат Ажар Сағындықова өз сауалында Қазақстандағы әйелдердің күнделікті жүктемесі шамадан тыс екенін айтты. Оның сөзіне сенсек, әйелдер күніне орта есеппен 480 минут жұмыс істейді, оған қоса тағы 246 минутын үй шаруасына және жақындарына күтім жасауға жұмсайды.
Тең еңбек құқығына қарамастан, әйелдер күн сайын ақы төленетін жұмысты, бала тәрбиесін, үй шаруасын және қарт не науқас туыстарға күтімді қатар алып жүр, – деді депутат.
Оның мәліметінше, үйдегі барлық күтімнің басым бөлігі әйелдердің мойнына түсіп, тәуліктік жүктеме 13 сағатқа жетеді. Бұл олардың денсаулығына, эмоциялық жағдайына және өмір сапасына кері әсер етеді. Сонымен бірге, еңбек нарығындағы гендерлік айырмашылық та әйелдердің экономикалық осалдығын күшейтіп отыр.
Ажар Сағындықова, әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға немесе ауыр науқас туыстарына қарайтын әйелдердің жағдайын атап өтті. Мұндай күтімнің көлемі күніне шамамен алты сағат.
Бұл – заңда ескерілмеген, арнайы кепілдігі жоқ үшінші "жұмыс күні, – деді ол.
«Қысқартылған жұмыс аптасын енгізу қажет»
Депутаттың айтуынша, қазіргі заңнамалық кепілдіктер мұндай әйелдерді жеке қолдау тобы ретінде қарастырмайды, ал жұмыс сағатын қысқартса, олардың жалақысы да автоматты түрде азаяды.
Ажар Сағындықова әйелдердің жүктемесін азайту үшін бірқатар шараларды ұсынды.
Күтім мен жұмысты қатар атқаратын әйелдерге жалақысы сақталатын қысқартылған жұмыс аптасын енгізу және ауыр науқастарға немесе ерекше қажеттіліктері бар балаларға қарайтындарға жылжымалы жұмыс сағаттарын белгілеу қажет, – деді ол.
Сонымен қатар мұндай қызметкерлер үшін икемді жұмыс кестесінің үлгілік модельдерін бекітетін нормативтік актілер әзірлеуді, қашықтан немесе аралас форматта жұмыс істеуге басымдық беруді және жұмыс уақытын қысқарту құқығын пайдаланғаны үшін кемсітушілікке жол бермеуді ұсынды.
Пікірлер (0)