Денсаулық сақтау министрлігі Гонконг тұмауы жаңа штамм емес екенін мәлімдеді
Фото: Aikyn.kz
Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Гонконг тұмауы жаңа штамм емес екенін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Гонконг тұмауының өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін – ДСМ
Оның айтуынша, тұмау қазан айының алғашқы жартысында басталды.
Кейінгі кезде әлеуметтік желіде Гонконг тұмауы деген вирустың тарап жатқаны туралы қауесет тарап жатыр. Бұл ел арасында тұмаудың жаңа немесе ерекше штамы пайда болды деген қате түсінік қалыптастырады. Осыған байланысты ресми түсініктеме бергім келеді. Гонконг тұмауы деп жүрген АH3N2 вирусы жаңа вирус емес. Ол алғаш рет 1968 жылы тіркеліп, содан бері үнемі айналымда бар. Қазақстан аумағында көптеген жыл бойы бар. Оның таралу кезеңі қалыпты тұмау маусымының бір бөлігі. Тұмаудың айналымы биыл қазан айының алғашқы жартысында басталды. Бұл былтырғы эпидмаусымнан сәл ертерек. Тұмаудың Қазақстан аумағында бұрын тіркелмеген жаңа түрі анықталған жоқ, — деді ол.
Вице-министр бұл тұмаудың алдын алу үшін вакцина салдыруға болатынын еске салды.
Биылғы маусымда анықталған штамдардың бәріне екпе бар. Тұмау ауыр өтпеу үшін вакцина салдыру тиімді шара болып есептеледі, — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Бұған дейін Астананың бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева А (H3N2) вирусының штамы (гонконг тұмауы) маусым сайын айналымда жүретін тұмау екенін айтқан болатын.
Пікірлер (0)