Димаш Құдайберген мен Олжас Байділдиновтің тілге қатысты «дауы»: Мұның астарында не бар?
Коллаж: Janabastau.kz
Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында күні кеше қазақ тіліне қатысты пікір айтқан экономика сарапшысы Олжас Байділдиновке қарсы үн қатты, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Еске сала кетсек, Байділдинов бұған дейін Қазақстанның оңтүстігіндегі өңірлерде орыс тілі қолданылмайтынын алға тартып, «соның салдарынан Ресейге келетін мигранттардың сапасы кеміп жатыр» деген мағынада пікір білдірген болатын.
Сарапшының бұл сөзі қоғамда біраз дау тудырды. Алайда, шыны керек, біз бұл «кезекті» сандыраққа бола дәл Димаш Құдайбергеннің өзі жауап береді дегенге сенбес едік. Әрине, әйгілі әншінің тілімізге араша түсуін қос қолдап қолдаймыз. Оған және бәріміз мүдделі болуымыз қажет!
Бұл ретте Димаштың жазбасынан отандасының қазақ тіліне қатысты айтқан сөзіне бейжай қарай алмағанын аңғардық. Тіпті ашындырып жібергенге ұқсай ма, қалай?
Нақты айтқанда, Димаш Құдайберген Instagram-дағы сторисінде:

Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілін құрметтейміз. Бірақ құрмет – алдымен өзіңнен басталады. Өз тілінен өзге біреудің мақұлдауын алу үшін ұялатын адам сөзін емес, тамырын жоғалтады, – деді.
Онымен шектелмей, Олжас Байділдиновтің өзіне тікелей шүйлікті.

Олжас, сен секілді арандатушыны жұмыстан шығарып жібереді деп үміттенемін. Өйткені қорқақ, кішкентай баланың тірлігін жасадың. Сен қазақша түсінбейтіндіктен, мен де мұны қазақша жазбадым, – деп салды әнші.
Дегенмен ел, жер һәм тілімізге қатысты бөтен пиғылды жұрт тарапынан түрлі әңгімелер талайдан бері айтылып жүргені белгілі. Өзіміздегі шала қазақтарды айтпағанда, әсіресе, солтүстік көршіміз – Ресей жақтағы ауыздардан мұндай бықсық сөздер аз шықпайды.
Бірақ мұндайда әлемге әйгілі тұлға түгіл, жоғары қызметтің құлағын ұстап отырған дөкей шенеуніктер мәу демеген. Ендеше, талантымен дүйім жұртты аузына қаратып жүрген әнші Димаш Құдайберген неге бұл жолы «шарт кетті»? Қателеспесек, бұл – әншінің мемлекеттік, қоғамдық мәселелерге қатысты айтқан алғашқы пікірі. Сондай-ақ дәл мұндай мазмұндағы сөзді дәл Димаштан ешкім күтпесе керек.
Мұның астарында не бар? Шынымен мемлекеттік тілімізге қандай да бір «қауіп» төніп келе ме? Әлде тілге қатысты бұл «даудың» ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 қарашада Ресейге жасайтын сапарына қатысы бар ма?
«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, бұл ретте елге елеусіздеу Олжас Байділдиновтің ештеңесі кеткен жоқ. Керісінше, қазір оның ұпайы түгенделіп қалған сынды. Анау-мынау емес, Димаш Құдайбергендей халықаралық деңгейдегі тұлғаның тікелей өзіне назар аударғанына қуанбаса, оның қарсы уәжіне тіпті де ренжи қоймас...
Бұған Сіз не дейсіз, оқырман?
Пікірлер (1)
Мен де солай топшылаймын