Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: жаңа деректер жарияланды
Фотосурет: Айгүл Сайлыбаеваның жеке архивінен
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресей аумағында марқұм болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі ұсталды деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Іздеуде жүрген азаматтардың ұсталғаны жөніндегі мәліметті 23 желтоқсанда Айгүл Сайлыбаеваның ағасы Қанат Сайлыбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың Мәскеуде ұсталып, полицияға жеткізілгені туралы ақпарат түсті. Қазір оларды Қазақстанға экстрадациялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Дипломатиялық мәселелер мен бірнеше азаматтықтың болуы себепті барлық рәсімдер ұзаққа созылуы мүмкін, – делінген жазбада.
Kazinform агенттігі тілшісінің ресми сауалына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрлігі мынадай мәлімдеме жасады:
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Ресей Федерациясының құзырлы органдарынан Наталья мен Александр Донцовтардың ұсталғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Осы ақпараттарға байланысты Ресей Федерациясының құзырлы органдарына ресми сауал жіберілді, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
СІМ өкілдері экстрадиция мәселелері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын және қолданыстағы заңнама аясында қаралатынын да нақтылады.
Пікірлер (0)