«Ел заңсыздық жайлаған аумаққа айналды»: Атамбаев Жапаров билігіне айып тақты
Фото: ad.kun.uz
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев қазіргі билікке ауыр айып тағып, Садыр Жапаровты жемқорлыққа жол беріп, сөз бостандығын тұншықтырды деп кіналады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ertenmedia-ға сілтеме жасап.
Атамбаев желідегі парақшасында Жапаровқа тікелей үндеу жариялап, елдегі ауыр энергетикалық ахуалға қатысты таққан кінәсін «бетсіздік әрі жалған» деп атады.
«Әділ сайлау өткіземін дедің...»
Ол қазіргі президенттің майнинг фермаларымен байланысын ашық мойындағанын еске салып, бұл бизнестің Максим Бакиев пен Александр Ширишовтың айналасымен астасып жатқанын айтты.
Халық бәрін түсініп отыр. Сен уәде еткен сөз еркіндігі желідегі жазба үшін түрмеге жабумен аяқталды.
Демократия деп ұрандаттың, ал елдегі тәуелсіз партиялар түгел жойылды, саясаткерлер мен қарапайым азаматтар билікке қарсы бір ауыз сөзі үшін түрмеге түсіп жатыр. Әділ сайлау өткіземін дедің, ал билікке жақпайтындар сайлауға қатыса алмайтын болды.
Мемлекет қарызын толық өтейміз дедің, керісінше, қарыз еселеніп кетті. Сенің жақындарың мен отбасыңның банктер ашып, ел көзінше тез арада байып жатқанын халық көріп отыр. Майнинг-фермалар кімнің пайдасына жұмыс істеп жатқаны да белгілі. Қарапайым халық азық-түлікке ақша таппай отырғанда, туыстарың мен достарыңның дәулеті еселеп артып келеді, – дейді экс-президент.
Атамбаев энергетикалық дағдарыстың түп-тамыры Бәкиев дәуірінде жатқанын еске салды. Оның сөзінше, сол кездегі дағдарысты шешкен әнұран мен туды ауыстыру секілді мифтік реформалар емес, сала мамандары мен инженерлердің қажырлы еңбегі.
«Бизнесті тұншықтырып жатыр»
Оның айтуынша, сөз бостандығы бойынша Қырғызстан 89-орыннан 144-орынға құлдыраған.
Қазіргі Қырғызстанда жеке меншіктің кепілдігі жоқ. Ел заңсыздық жайлаған аумаққа айналды.
Шағын саудагерден бастап ірі кәсіпкерге дейін барлығы мүлкінен айырылып қаламын ба деген үрейде өмір сүреді. Сот шешімінсіз үйлер бұзылып, жер мен меншік тартып алынып жатыр.
Шағын және орта бизнесті рейдерлік шабуылдар мен негізсіз қылмыстық істер арқылы тұншықтырып жатыр, – деп атап өтті ол.
Экс-президент соңғы бес жылда сөз бостандығы бойынша Қырғызстан 89-орыннан 144-орынға құлдырап, Уғанда мен Анғоладан да төмен тұрғанын мысал етті.
Айта кетсек, бұған дейін Атамбаевтың отбасы Қой-Таштағы үйінен мәжбүрлі түрде шығарылып жатқаны хабарланған болатын. Оның ұлы Қадыр бұл әрекетті заңсыз деп санап, билікті саяси қысымға айыптаған еді. Ал билік өкілдері үйдің орнында қарттар үйі ашылатынын мәлімдеген.
Алмазбек Атамбаев 2024 жылы ақпанда түрмеден босап, Испанияға емделуге аттанған. Сол кезде Садыр Жапаров Атамбаев билігі тұсында өзі 1291 күн түрмеде отырғанына қарамастан, «аяушылық таныту керек» деп мәлімдеген еді. Саясаттанушылар Атамбаев саясат сахнасына оралуға дайындалып жатқанын жоққа шығармайды.
Пікірлер (0)