Елде трансплантация жасалатын органға арналған аппарат сынақтан өтіп жатыр
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Елімізде донорлық органдарды бір өңірден екінші өңірге қауіпсіз әрі жылдам жеткізуге мүмкіндік беретін аппарат әзірленіп жатыр. «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы Юрий Пя мәлім етті, JANABASTAU.KZ Kazinform-ға сілтеме жасап.
- «Әлем» аппаратын әзірлеу идеясы ұшақтың ауа райының қолайсыздығына байланысты қона алмауынан туындаған проблема кезінде ойға келді. Ұшақ ең жақын әуежайға бағыт алды, бірақ ол жақта да қону мүмкін болмады, соңында қайта Алматыға оралды. Сол кезде бізге жаңа жүйе қажет екенін түсіндік, өйткені Қазақстанның аумағы кең, қалалардың арасы өте алшақ. Ал қиын сәтте донорлық ағзаны 4 сағаттың ішінде жеткізу керек, бұл мүмкін емес, - деді Юрий Пя «Қазақстандағы 100-ші жүрек трансплантациясы» форумы барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат бере тұрып.
Маманның айтуынша, донорлық органдарды тасуға арналған «Әлем» аппараты 5 жыл бойы зерттелді және бүгінде жануарларға сынақтан өткізу кезеңі аяқталуға жақын.
- Қазір құралды клиникалық қолдану үшін рұқсат алып жатырмыз. Биыл сәуірден кейін аппаратты қолдана бастаймыз деп үміттенемін. Тағы бір маңызды жайт, бұл аппаратты Қазақстан аумағында өндіруді қалаймыз. Қазір аппаратты жасауға рұқсат алдық және Астанада осы аппаратты шығаратын зауыт салу жоспарда бар, - дейді Юрий Пя.
Айта кетсек, елімізде орта есеппен алғанда 1 миллион адамға кемінде 10 трансплантация қажет. Осы орайда медицина ғылымының докторы Юрий Пя трансплантация тек медицина мәселесі емес, қоғамның ортақ проблемасы екенін мәлім етті.
Айта кетсек, бүгін елордада «Қазақстандағы 100-ші жүрек трансплантациясы» форумы өтті. Аталған іс-шара елімізде жүзінші рет жүрек ауыстыру отасына орай ұйымдастырылды, оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бастаған сала мамандары мен өңірлік ведомстволардың өкілдері қатысты.
Форум соңында ағза трансплантациясы саласына еңбегі сіңген және ерекше көзге түскен жандар марапатталды.
Еске сала кетейік, елімізде трансплантация жасалатын орган арнайы құрылғыда сақталатыны туралы былтыр жазған едік.
Пікірлер (0)