Әлихан Бөкейхан неміс дәрігері Макс Кучинскийді неге шақырды?

Руханият
view 890
news

Тоқсан жеті жыл бұрын неміс дәрігері Макс Кучинский қазақ даласына табан тірейді. Дала қазақтарының болмысын, өмір тіршілігін, денсаулығын зерттейді. Әсіресе, қазақтың ас-ауқаты мен қазақтардың ауруына ерекше назар салады. Белгілі антрополог өзінің көргенін, сезінгенін қарапайым тілмен жазады. Оған зерттеуге көмектескен Әлихан Бөкейхан, Қошке Кемеңгерұлы, Густав Лелеп. Осы зерттеуге неміс дәрігерін Әлихан Бөкейхан өзі шақырған деседі.Сонымен, Макс Кучинский қазақтар жайлы не деді? Оның зерттеу еңбегін төрт тақырыпқа бөліп қарауға болады: қазақтың болмысы, қазақтың тамағы, қазақтардың ауруы, тазалығы. Макс Ганс Кучинский (1890-1967) – Қазақстанды зерттеушілердің бірі. Германияда медицина ғылымдарының докторы, физиолог, антрополог, бактериолог ретінде танымал. Ол әлеуметтік медицина және медициналық география мәселелерімен айналысты. Тәжірибеші зерттеуші ретінде Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Қытай елдерін аралап, табиғи факторлардың адамдардың өмір сүру ерекшеліктеріне әсерін бақылаған. 1936 жылы ол Перуге қоныс аударып, сол жерде өз тақырыбын жалғастырды. Кучинский қазақтардың болмысына жылы ниетпен қараған. Ол қазақтарды бір жағынан аяп, бір жағынан мақтан тұтқан. Ел ішін аралап жүргенде, көптеген оқиғаларға тап болады. Оның жиі көрген көрінісі – сіздің жүрегіңізді ауыртуы мүмкін. Базар маңында, мекемелерде, далада орыстардың қазақтарға озбырлық жасайтынын жазады. Және еш қарсылық танытпайтынын, көндіккенін тілге тиек етеді. Осы көріністерге «Қазақтарды қорқақ деп санау көп кездеседі. Бірақ оларды жомарт жанды деп атаған дұрыс сияқты. Олар себепсіз шабуыл жасамайды. Қағытпаға шыдай алады. Дөрекіліктен, әсіресе өздерімен көбінесе көрші болып тұратын орыс шаруасының дөрекілігінен, қашқақтап тұрады. Қорқақтық деп түсіндірілетін бұл қылықтың себебі, менің пікірімше, тереңде жатқан мінезде» деп баға береді. Біздің тағы бір жанды жерімізге тиетін дерек бар. Ол «Омбыны қазақтарсыз елестету мүмкін емес» деп жазған. Осы сәтте әттең тоңның келтесі-ай дегің келеді. Дегенмен, тарихты өзгерту мүмкін емес... Аштықтың қазақ даласын жалмап өткені бәрімізге белгілі. Неміс дәрігері де осыны айтып, халық тіршілігіне тым төмен баға береді. Қазақтың құрт пен ірімшігіне, қымыз бен айранына зерттеушілердің бәрі қызыққан. Ал Кучинский қымызға ерекше тоқталады. Қазақтың қымыз пісу әдісін татардікімен салыстырып, қазақтың қымызын жоғары бағалайды. Өйткені нағыз қымыз тек қымыз қаптағана ашиды. Татарлардың кеспекте дайындау амалы тіптен басқа жаман сусын шығарады. Бұл, әр замандағы әр түрлі адамдардың бағалауынша, қымыз деген атқа лайық емес. Неміс ғалымы қымыз жайлы «Қазақ күніне кемінде 9 литр қымыз ішеді, тіпті 12-15 литрден артық ішетіні де болады. Қымыз жағымды әрі сергіткіш сусын. Сусынның өзіндік ерекше иісі кейбіреулерді жиркендіреді, бірақ бір жұтсаң болды – айтып отырған жағдайлардың ішінде ең жақсы күйді кешесің, сонан соң мұны басқа бір сусынмен айырбастау қиын болады» дейді. Макс Кучинский қазақ даласына ауырып келеді. Іші бұзылып, ағзаның қызметі бұзылып, уртикария ауруына шалдығады. Және бірнеше апта бойы екі жіліншігіне есекжем шығып қиналады. Бірнеше уақыт қымыз ішкеннен кейін, құлан таза сауығады. Міне, қымыздың құдерті! Дәрігер қазақ даласына, болмысына сүйсінеді. Ол тек қазақтарда тазалық жоқтығына қынжылады. Қазақтар үшін сабын қолдану – астамшылық екен деп таңданады. Сол кезеңде бірер қазақтар ғана сабынды қолдан жасаған. Бірақ негізінен тек кір жууға пайдаланған. Өзі бақылап жүрген аралықта қазақтардың жуынғанын аз көрген. Ол «Әйтеуір, исламның арқасында тамақтың алдында және соңында қол шаяды» дейді. Гигиенаның жоқтығы шындығында да, халыққа жаудай тиген еді. Осы тұрғыда Кучинский «Қазақ халқына үш дұшпан қауіп төндіреді: санитарлық ұғымдардың тым жетіспеушілігі және өздері тиісінше қабылдаған өмір; көршілес тайпалардан денсаулыққа төнетін қауіптен қорғаныштың жоқтығы» дейді. Қазіргі қазақ санының аздығына осы ұсақ үш жау мен алып бір жау кінәлі екені – ақиқат. Дәрігер медициналық антрополияға гуманитарлық тұрғыдан қараған. Медицина жайлы айтпас бұрын, қазақ әйелдерінің ер дәрігерге деген көзқарасын айтып өтеді. «Сырт адам әйел нәзіктігін аз көреді. Тіпті, кішкентай қыздың киіміншешіп жүргенін көру қиын. Ибалылық керемет. Әйелдерді тексеретінболсам, олардың туа біткен және тәрбиемен келген ұялшақтығыдәрігерден кеңес алу қажеттігін жеңіп кетеді» дейді. Макс Кучинский қазақтардың ауруын көшпенді өмірдің тиылунан деп топшылайды. Және де қазақтардың сол кезеңде қандай аурумен ауырғанын жіктеп жазады. Ең көп тараған ауру – тубуркулез. Өкпенің, сүйектің, ылатбайламдарының туберкулездері. Кең тарағаны – мойындағы ылатбайламдарының туберкулезі. Бұның себебі – ылғи ортақ ыдыс пайдалану. Тубуркулезден айығу жайлы «Туберкулезден емделу үшін орталық дала климатынан артықештеңе жоқ. Емделуге әбден лайық жер – Қарқаралы, климатықұрғақ, таулы жер, керемет орман, күншуақ. Жергілікті дәрігердіңтәжірибесінен емделудің әсерін өз көзіммен көрдім» дейді. Бір қызығы, әйелдердің көп түсік тастауын потт ауруымен байланыстырады. Потт – омыртқа тубуркулезі. Бұл – омыртқаның түгелдей зақымдануы. Тубуркулезді қабынудың кесірінен омыртқа қатты қисайып, жарамсыз болып қалады. Сөйтіп, балалар көбінесе шетінеп кетеді. Екінші бір көп тараған ауру – қышыма. Ол тазалықтың жоқтығынан қатты асқынып, тіпті өлімге де әкелген. Кучинский қышымадан көз жұмған біршама қазақты көрген. Сонымен қатар, тері бетінің іріңді аурулары да көп тараған. Импетиго ауруыжиі кездескен. Және де балаларға есекжем де көп шыққан. Бұл аурулармен көбінесе байлар ауырған. Себебі бұлар – тамақты молынан ішіп-жеумен байланысты. Ауру туралы «Қазақ ұшыраған ауруынан қорқады, өйткені әлдебір жазмыш,түсініксіз нәрсе деп санайды.Материалдық мәдениетті дамытып, халықарасына гигиеналық білім таратса, мұнан әлдеқайда жақсы болар еді» деп қорытындылайды. Макс Кучинский дүниежүзілік мәдениетті таныған адам. Ол қазақтардың төмен тұрмысына мүлдем баға бермейді, сынамайды. Тек сипаттап өтеді. Оның жазбасынан жанашырлық пен тілектестік байқалады. Осылайша Алаш көсемінің шақыруымен келген неміс дәрігерінің жазбасынан көптеген деректер таптық. Тоқсан жеті жыл бұрыңғы қазақтың жағдайынан хабардар болдық.

Елігімай ХАНГЕЛДІ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *