Елімізде мұнай-газ химиясы саласында отандық бизнесті қолдау жөніндегі жұмыс тобы құрылды
Сурет: gov.kz
Мемлекет басшысының ел ішіндегі құндылықты арттыру және жергілікті қамтуды кеңейту тапсырмасын іске асыру мақсатында, ҚР Энергетика министрлігі жанынан мұнай-газ химиясы жобаларында отандық компаниялардың қатысуын арттыруға арналған арнайы жұмыс тобы құрылып, өз жұмысын бастады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жұмыс тобының алғашқы отырысы бүгін өтті. Онда Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыт салу жобасы қаралды. Алдағы уақытта газды бөлу кешені, бутадиен және карбамид өндіру секілді бірқатар перспективалы жобалар күн тәртібіне енгізілмек.
Жұмыс тобының құрамына салалық мемлекеттік органдардың, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, «KAZENERGY», «PetroCouncil» және «KazService» сынды жетекші ұйым өкілдері енді. Талқылауға «Tecnicas Reunidas» және «Tecnimont» сияқты халықаралық EPC-мердігерлер де қатысуда.
Құрылымның негізгі міндеттері — отандық кәсіпорындардың жобаларға қатысу үлесін арттыруға арналған механизмдерді әзірлеу, инвесторлардың жергілікті қамту бойынша міндеттемелерінің орындалуын бақылау, сондай-ақ бизнеске кедергі келтіретін әкімшілік және техникалық тосқауылдарды жою.
Қазіргі кезде нақты шаралар басталып кетті. Атап айтқанда, «Tecnicas Reunidas»компаниясының шақыруымен қазақстандық мұнайсервистік компаниялар Испанияға барып, өндірістік нысандармен танысып, ұлттық инженерлік әлеуетті дамыту жолдарын талқылады.
Отырыста «Атамекен» ҰКП, PetroCouncil және KazService өкілдері жергілікті қамтуды арттыру қажеттігін атап өтті. Олар кейбір шетелдік қосалқы мердігерлердің демпингтік бағалар ұсынып, отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп жатқанын алға тартты.
ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Үркімбаев ведомствоның ұстанымы мен жұмыс тобының негізгі мақсаттарын нақтылап өтті.
«Жұмыс тобының құрылуы – Мемлекет басшысының мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам. Басты міндетіміз – жай диалогпен шектелмей, отандық бизнесті қолдауға арналған шынайы әрі іске асырылатын шешімдерді ұсыну. Министрлік жергілікті қамтудың өсімін, әсіресе "Silleno" сынды маңызды жобалар аясында, жүйелі әрі қатаң бақылауда ұстайтын болады. Біз қазақстандық компаниялар ірі инвестициялық жобаларда толыққанды серіктеске айналуы үшін нақты жағдай жасауымыз қажет. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен бизнестің бірлескен жұмысы осы мақсатқа жетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Бұл бастаманың басты мақсаты — жергілікті жеткізушілерден сатып алу көлемін арттырумен шектелмей, күрделі инвестициялық жобаларды өздігінен жүзеге асыра алатын толыққанды қазақстандық EPC-компанияларды қалыптастыру.
Бұған дейін Энергетика министрлігі «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған Жол картасын» бекіткен болатын. Сонымен қатар, ведомство «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» салалық заң жобасын аяқтауға жақын.
Пікірлер (0)