Қазанда Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы тұңғыш қойылды
Сурет: Ашық дереккөзден
Татарстан Республикасының Мұса Жәлил атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының халықаралық премьерасы өтті. Қойылымды Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұсынды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Гастроль Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігі және Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.
Премьераға билеттер бір апта бұрын толық сатылып кеткен. 200-ден астам әртіс қатысқан қойылымды италиялық режиссер Давиде Ливерморе сахналады. Көрермендер туындыны ұзақ уақыт қол шапалақтап қарсы алды.
Ашылу салтанатында Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеева, Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов және ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөз сөйледі. Олар екі ел арасындағы мәдени байланыстардың нығая түскенін атап өтті.
Театр директоры Айнұр Көпбасарова қойылымды жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Татарстан басшылығына және Қазақстан тарабына алғыс білдірді. Оның айтуынша, «Хан Сұлтан» – Алтын Орданың асыл мұрасын қайта жаңғыртатын ерекше туынды.
Премьера қарсаңында «Татар-информ» агенттігінде баспасөз конференциясы өтті. Онда спикерлер қойылымның дайындық барысы, ұлттық аспаптардың партитураға енгізілуі және тарихи деректердің нақтылығы туралы айтты. Сондай-ақ, болашақта Алтын Орданың құрылуына ықпал еткен әйелдер туралы фильм түсіру жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Шараға Татарстандағы шетелдік консулдықтар өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, іскерлік орта өкілдері мен қазақ диаспорасы қатысты.
Пікірлер (0)