Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсатында 2025 жылғы 12-16 мамыр аралығында елімізде Репродуктивті денсаулық апталығы өтеді. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Бұл бастаманың негізгі ұйымдастырушысы – ҚР президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия.
"Бүгінде бұл мәселелерді ашық, ғылыми негізде және кәсіби деңгейде талқылау бұрынғыдан да маңызды. Өткен жылғы тәжірибе бұл бастаманың қоғам үшін өзекті әрі қажетті екенін көрсетті. Сондықтан біз апталықты жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдадық. Акция аясында халықтың денсаулығын нығайту, адам ағзасына және болашағына саналы көзқарас қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігері біріктіріледі. Кәсіби қауымдастықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамдық пікір көшбасшыларын ақпараттық науқанды қолдауға шақырамыз", – деп жазды Аида Балаева.
Апта аясында еліміздің барлық өңіріндегі жастар денсаулық орталықтарында және бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері, тақырыптық дәрістер, тренингтер, интерактивті сессиялар мен мамандардың қатысуымен онлайн-вебинарлар ұйымдастырылады.
Айта кетейік елімізде 10–29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық және профилактикалық көмек, психологтардан, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлерден кеңес алуға мүмкіндік беретін 103 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.
Пікірлер (0)