Елордада Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай «Халық батыры» көрмесі ашылды
Руханият
299
Елордадағы Ұлттық музейде Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Jańa Bastau газеті ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Конференция аясында алдымен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Халық батыры» атты көрменің салтанатты ашылуы болды.
«Өздеріңіз жаңа ашылуына куә болған көрме мен осы конференция – Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойының бастауы болып отыр. Қазіргі уақытта облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тікелей тапсырмасымен мерейтойға байланысты арнайы жоспар бекітілген. Оның аясында облыс аумағында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру көзделген. Мәселен, Амангелді Имановтың мемориалдық музейін жөндеуге, аудан орталығында орналасқан батыр ескерткішінің аумағын абаттандыруға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Оған қоса, Амангелді аудандық мәдениет үйін, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жөндеуге, керекті жабдықтарын алуға арнайы қаражат қарастырылды», - деді конференцияда сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өткізілуде. Барлық жұмыстарды қыркүйек айында өтетін негізгі мерейтойлық іс-шараларға дейін аяқтау жоспарланған.
«Жалпы, Қостанай облысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихын зерделеуге, оған қатысқан тұлғалардың есімдерін дәріптеуге байланысты бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, мерген Кейкі батыр Көкембайұлының сүйегі елге қайтарылып, 2017 жылы кесенесі салынып, ұлықтап, жерлеу рәсімі өткізілді. Қазіргі уақытта аталған кесене жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар облыстық ономастикалық комиссия отырысында Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылына ұлт-азаттық көтерілістің әмірі болған - Әбдіғаппар Жанбосынұлының атын беру ұсынылды. Бұл мәселе алдағы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қолдау табады деп күтіп отырмыз», - деді ол.
Айта кетейік, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу - елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс.
Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу халық тағдырындағы аса маңызды өзгеріс болып танылатын: аумақтар үшін күрес, сыртқы жауға қарсы тұру, мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, маңызды саяси және мәдени жетістіктермен байланысты.
Осындай тұлғалар қатарында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Иманов бар.
Амангелді Имановтың өмір жолы Қостанай облысының тарихымен тығыз байланысты.
1910 жылы Амангелдінің руы өмір сүрген Терісбұтақ ауылында оның бастамасымен мектеп салынды.
1913 жылдан Амангелді «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін жаздырып алып отырды.
Амангелді Иманов көтеріліске дейін қазақ даласында халықтың азаттығы үшін күрескер, отарлық тәртіпке қарсы адам ретінде танылған.
Бүгін ашылған көрмеге тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, А.Имановтың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары және Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнерінің шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындылары, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсіндік туындылары қойылған.
Пікірлер (0)