Елордада баспасөз хатшыларына арналған тренинг өтті

Редакция таңдауы
view 407
news

Елордада АҚШ медиа сарапшысы Маргерит Хокси Салливан мемлекеттік органдар мен квази­мемлекеттік сектордың баспасөз хатшылары үшін екі күндік тренинг өткізді. Сондай-ақ «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кі­табы­ның авторы қатысушыларға уоркшоптар ұйымдастырды. Жиынның мақсаты – баспасөз хатшыларының кәсібилігін жетілдіру және біліктілігін арттыру. Ілкімді іске Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі, Қазақстандық қоғамдық даму инсти­тутының «MediaLab» орталығы, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және «Maqsut Narikbayev University» ұйытқы болды. – Жалпы, бұл қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маман­дарына арналған екінші тренинг. Іс-шара­ға шамамен 50-ге жуық адам қатыс­ты. Алдағы уақытта кешенді түрде ұйым­дастыру жоспарланған. Осы жыл­дың екінші тоқсанында тренинг-курс өткізуді ойластырудамыз. Шыны керек, республиканың өзге де өңірлерінен ұсы­ныстар түсіп жатыр. Оны да жан-жақты қарас­тырудамыз. Тағы бір айта кететіні, «MediaLab» орталығы биыл медиа мамандардың игілігіне жарайды-ау деген, академиялық және танымдық бағыттағы 6 кітапты аударуды көздеп отыр. Осыдан бірер күн бұрын таныс­тырылған «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабы алғашқысы болды. Бұл кітап қоғаммен байланыс саласының мамандарына арналған нұсқаулық десек те болады. Өйткені туындыда мемлекеттік органдардың жұмысы туралы дұрыс ақпарат беру, мекеменің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде кеңестер жазылған, – деді қазақстандық қоғамдық даму институты «MediaLab» орталығының басшысы Ақниет Тәуірбай. Шеберлік сағаты баспасөз хатшы­лары­ның қоғаммен сауатты қарым-қаты­нас орнатуы, мемлекеттік мекемелердің коммуникация қызметінің стратегиясын ұйымдастыру, кризистік жағдайларда жұ­мыс істеу, сондай-ақ әлеуметтік желі­лерде мемлекеттік органдардың имиджін қа­лып­тастырудың заманауи техника­ларын меңгеру сынды бағыттарды қамтыды. Тренингтің алғашқы күнінде Марге­рит Хокси Салливан хабарлама тілінің түсінікті, нақты болуы керек екенін айта өтіп, аудиториямен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызына тоқталды. – Баспасөз хатшысы аудиториясының кім екенін нақты білу керек. «Айтылған аргу­менттерге кім қарсы болады, кім қол­дайды?», «Ұсыныстарға кім келі­седі?» деген сұрақтарға алдын ала жауап іздегені жөн. Өйткені аудитория ұсы­нысқа қарсы аргумент айтуы мүм­кін, осындай жағдайда коммуникация саласының маманы өз ой-пікірін дәлелдей алуы қажет. Сондай-ақ ең бас­тысы, сенім мен адалдықты жоғалтпау керек, – деді спикер. Отырыста БАҚ өкілдері Маргерит Хокси Салливанға «Сіздер журналистермен қалай жұмыс істейсіздер? Қандай да бір ақпарат көңілдеріңізден шықпаса, алып таста деп өтінесіздер ме?» деген сұрақтарын қойды. – Жұмыс істеп жүрген кезде менде осындай бір жағдай болды. Досым «The Washington Post» агенттігінде жұмыс істеді. Оған өзіме ұнамаған жаңалықты «Досым­сың ғой, ақпаратты жарияламай-ақ қойсаң» деп айтуыма болар еді. Бірақ ондай әрекетке бармадым. Себебі БАҚ еркіндігі өте маңызды, – деп жауап берді спикер. Бұдан бөлек, журналистердің «Қазіргі заманауи баспасөз хатшысы қандай болуы керек?» деген сауалына медиа сарапшы: – Баспасөз хатшылары БАҚ-пен достық қарым-қатынаста болуы мүмкін. Алайда ол бірінші кезекте жұмысына адал болып, оған жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін ұмытпауы қажет. Одан бөлек, аудиторияға қандай ақпарат жеткізетінін білгені абзал. Ақпаратты нақты әрі дұрыс жеткізу үшін баспасөз хатшылары үнемі БАҚ-пен тығыз қарым-қатынасын үзбеу керек, – деп жауап қатты. Баспасөз хатшыларының біліктілігін арт­тыруға арналған іс-шараның екінші кү­нін­де АҚШ сарапшысы «Кризис­тік ком­му­­н­икация» тақырыбы аясында дағ­да­рыс кезіндегі ескеру керек жағ­даяттар мен негізгі ережелерді айтты. Маргерит Хокси Салливанның айтуын­ша, дағдарыс кезін­дегі коммуникация саласының ма­ман­­дары қызметін 3 ке­зеңге бөлген дұрыс. – Дағдарыс кезіндегі коммуникацияны 3 кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші кезең – дағдарысқа дейінгі уақыт. Бұл кезде баспасөз хатшысы­ның бұқаралық ақпарат құралдары­мен тығыз қарым-қатынас орнатуы маңызды. Өйткені дағдарыс жағдайы болған кезде, ресми өкіл әрі кеткенде 1 сағаттың ішінде журналистермен хабарласа алуы керек. Ал екінші кезең – дағдарыс уақыты. Бұл кезде баспасөз хатшысы оқиға болған орынға бару керек. Сондай-ақ келеңсіз жағдайдың себеп-салдарын білмесе де, «Қандай оқиға қай жерде болды?» деген сынды ақпаратты білгені дұрыс. Олар «Менің ойымша» деген сарындағы сөздерді қолданбай, нақты ақпарат беру керек, – деді спикер. Оның сөзінше, үшінші, дағдарыстан кейінгі кезеңде, баспасөз қызметі артық­шылықтар пен кемшіліктерді саралап, қорытынды жасайды. Уоркшоп барысында қатысушылар айтылған ақпарат пен ұсыныстарды іс жүзінде қолданып, кейстерді талдады. Іс-шара бейресми форматта аяқталды. Қатысушылар дағдарыс жағдайларын талқылап, өздерін қызықтырған сұрақ­тарын қойып, тәжірибе алмасты. АҚШ-тан арнайы келген қонақ­ты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қабылдап, медиасарапшыға «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының авторлық құқығын бергені және екі күн бойы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларына арнап ұйымдастырылған интерактивті семинар-воркшопқа қатысқаны үшін алғыс білдірді. Кездесуге АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм де қатысты. «Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­метте халықпен байланыс және стра­тегиялық коммуникацияның маң­ы­зы зор екені белгілі. Соған байланысты министрліктің бастамасымен Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында «MediaLab» орталығын ашқан едік. Оның алғашқы іс-шарасы орталық және жергілікті атқарушы органдардың баспасөз хатшылары­ның біліктілігін арттыруға арналғанын білесіздер», деген министр белгілі коммуникация маманы Маргерит Салливан ханымның мемлекеттік, халықаралық үкіметтік емес ұйымдарда басшылық қызметте болған тәжрибелі маман екенін атап өтті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *